Семейде оқушылар жабылып тепкілеп, мүшеқап үрлетіп қорлаған балаға халық 35 млн теңгенің үйін алып берді. Бұл туралы мәліметтер әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, деп жазады Paryz.kz.
Ерікті Динара Садырбаева Almaty.Official сайтына берген ақпаратында халықтың Әлинұрға көмектесу үшін рекордтық деңгейде қаржы жинағанын жеткізген.
Оның айтуынша, халықтың аударған 35 миллион теңгесіне 4 бөлмелі пәтер сатып алынған.
Қазіргі уақытта бала толық медициналық тексерістен өткен, психологиялық қолдаудан да кенде емес. Бұл туралы облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова мәлімдеп отыр.
– Баланың отбасына көмектесу туралы сан түрлі сұрақ түсіп жатыр. Отбасы қазақстандықтарға көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен алғыс білдіреді, – деп жазды ол.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл үй таңдау және сатып алу процестерінің ашықтығы үшін өңірлік, қалалық мәслихаттар депутаттарынан, адвокаттар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінен арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.