Желіде имам Ғазиз Ахметтің көп әйел алуға қатысты айтқан пікірі тарады. Имамның айтуынша, ислам дінінде ер адам көп әйел алу үшін ешкімнен рұқсат сұрамайды, деп хабарлайды Paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
«Еркектің бір әйел алып тоқтауы деген нәрсе мұсылманшылықтан емес. Және ол өзге діндерде де солай, тек христиан дінінде ғана бір еркек бір әйел алу керек. Басқа діндердің барлығында бір еркек ешқашан бір әйел тоқтаған емес. Тіпті, адам емес, өзге де хайуанаттарды алатын болсаңыз, барлығында ұрғашысы көп болады, еркегі біреу болады. Ол белгілі нәрсе. Адам да Алла Тағала жаратқан жаратылыстың бірі ғой. Адамға да, бір еркектің төрт әйел алуына рұқсат берді. Бұл рұқсат Алла Тағаладан болғаны үшін бұған өзге ешкімнің рұқсаты керек емес. Шын қарай алатын болса, соны алады. Әйелінен де, әке-шешесінен де, басқа адамдардан да рұқсат сұрамайды. Еркектің өз шешімімен болады», — дейді ол.
Видеоны өзінің Instagram парақшасында жариялаған блогер Қайрат Қожанов бұндай пікірлер қаншама отбасының ойран болуына себепкер болатынын айтып, дабыл қақты.
«Басқа уағызбен тоқтауға болмай ма? Осы бір әңгіме арқылы қанша отбасы шырқы бұзылады! Қалайша еркек әйелден, ата анадан рұқсат сұрамай бірнеше жар алуға болады дейді. Бұл әңгіме қайда алып барады? Ғазиз мырза Мемлекеттік діни басқарманың РАНТ мүшесі. Білімді кісі екені анық! Бірақ осы видеосын бірнеше адам жіберді. Салмасқа амал болмады. Осыған дейін де екі-үш әйел алуға қатысты посттарға комментарий осыған ұқсас пікір жазғанын көргенмін. Не үшін салдым. Менің қарындасым, інім, балам және қызым бар. Мынадай Қазақстан Республикасының заңына қайшы уағыз айтып ислам дінін жиіркенішті көрсетесіңдер. Өзің алсаң ал нешеу болса да. жақыныңды бер біреудің соңғы цифрі етіп. Өтініш бұндай үгіт жасамаңдаршы ағалар!», — деп жазды ол.