Күні кеше Мемлекеттік кірістер комитеті 594 блогердің 53,3 млрд теңге көлеміндегі кірісін жасырып қалғанын анықтағаны туралы ақпарат тараған еді. Козачков телеграм арнасында салық төлеуден жалтарып жүрген блогерлердің тізімі жарияланды. Тізімде мемлекетке қарыз 31 адамның есімі көрсетілген, деп хабарлады Paryz.kz Sadaq.kz-ке сілтеме жасап.
«Қымбатты оқырманым, әлеуметтік желіде тарап жатқан мына суретті маған жарыса жіберіп жатыр екенсіздер. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің оборотым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді.
Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын. Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де (бухгалтер) растай алады. Кәдімгідей қандарын ішем ғой.
Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауы да тиіс. Ол әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі. Жанашырлық танытып жатқан жандарға да алғыс. Алдағы уақытта салық есептелігінің нәтижесімен міндетті түрде бөлісемін», - деп жазды ол.
Журналист құрбы-құрдас, таныс, дос-жаран, туыстардың кәсібіне ашық жарнама жасап беретінін де жасырмады.