Қол күресінен Өзбекстанда өткен әлем кубогы кезінде Қазақстанның атынан қатысқан спортшы София Аверьянова әнұран ойнап жатқан кезде қолын қалтасына салып тұрамын деп сынға қалды, деп хабарлайды Paryz.kz Skifnews.kz-ке сілтеме жасап.
Әнұран шырқалған сәтте спортшы бір қолын жүрегіне қойып, екінші қолын қалтасына салып тұрған. Ал оның жанында тұрған екінші спортшы тіпті қолын жүрегіне қоймаған. Мұны көрген желідегілер спортшыларды сөгіп тастады.
“Құрметсіздік танытып, қолын қалтасына салып тұр”, “Қазақстанға құрметің қайда?”, “Легионерлер сияқты, біздің әнұранымызға түкіріп қойыпты”, “Өз еліңнің әнұранын құрметтеу керек” – деп жарыса жазды желідегілер.
Спортшы бұл қылығы үшін кешірім сұрап, әдейі істемегенін айтты.
“Мен әнұран кезіндегі әрекетім үшін кешірім сұраймын. Менің жаман ойым болған жоқ. Мен құрметсіздік көрсеткім келген жоқ. Мұқият болуым керек еді. Бұл құрметсіздіктің белгісі екенін білген жоқпын. Екінші спортшының қолын жүрегіне қоймағанына қатысты айтатын болсам, ол жарыс кезінде қолын жарақаттаған. Сол себепті физикалық тұрғыда қолын көтере алмайтын еді”, – деп түсіндірді спортшы.