Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Мәжіліс депутаты әкелерге арналған бағдарлама қабылдауды ұсынды

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Adal Adam Youtube арнасына берген сұхбатында әкелерге арналған бағдарлама қабылдап, әкелер орталықтарын ашу керектігін айтты. 

Мәжіліс депутаты әкелерге арналған бағдарлама қабылдауды ұсынды
Фото:ашық дереккөзден

«Шын мәнінде Кеңестер өкіметі кезеңінде әкелердің рөлі деген өте керемет болған. Үйде ер адамның жұмыссыз болуы ол кездегі идеологияға жат еді. Ақша табу, үйді асырау солардың міндеті-етін. «Әкеге қарап ұл өсер» деген сол кезден пайда болған. Балалар әкенің қабағына қарап отыратын, әке бастамайынша тамаққа қол сұқпайтын. Осының барлығы нарықтық экономика кезінде тас-талқаны шықты. Ер адамдардың бәрі жұмыссыз қалып қойды да, базар деген қаптап кетті. Сауданың дәурені жүрді. Базармен күн көруде әйелдердің рөлі бірінші орынға шығып кетті. Пойызда солар, зат таситындар да солар, алып келетіндер де солар, сатушылар да солар. Ер адамдар базарда тұрып бір зат сатуға ұялды, үйде отырып, екінші позицияда қалып қойды. Бүгінгі күнде соның ізі қалды. Сондықтан, шын мәнінде, біз мемлекеттік деңгейде әкелердің рөлін арттыруға бір үлкен бағдарлама енгізуіміз қажет. Әкелер үйде басты тұлға болса, отағасы, әке болса, әке жұмыс істеп, үйді асырап отырса, бала-шағасына жақсы тәрбие беріп, барлық деңгейде бала-шағасын қамтамасыз етіп отырса, әйелдің рөлі не үшін төмен түседі?! Ешқашан төмен түспейді. Қайта одан ер адамның жанында әйел адам одан сайын жоғары көтеріледі, өседі. Жауапкершілігі жоғары, қадірі бар, парасатты әкелер – отбасының ғана емес, мемлекеттің де тірегіне айналатыны сөзсіз», - деді депутат. 

Сонымен қатар Ерболат Саурықов қала, аудан орталықтарында әкелерге кеңес беруге, мәртебесін көтеруге арналған орталықтар ашу маңызды, мағыналы іс екенін айтты.