Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті әнші Қайрат Примбердиевті қамауға алды. Әнші бұған дейін сұхбаттарының бірінде қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған болатын, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
24.kg мәліметінше, ол ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған мәлімдеме жасағаны үшін қамауға алынған. Сондай-ақ ведомство әншінің елден шығуына тыйым салды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қырғызстан заңнамасына сәйкес, ұлтаралық, діни немесе аймақаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
КЕШІРІМ СҰРАУ
Бұған дейін қырғызстандық әнші Қайрат Примбердиев қазақ халқынан Кенесары ханның өлімі үшін кешірім сұраған болатын. Қазақстандық БАҚ-қа берген сұхбатында ол тарихи оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, өткенге өкініш білдірген. Әнші қырғыз ханы Ормон ханның Кенесары Қасымовтың басын алуға мәжбүр болғанын айтып, қазақ халқынан кешірім сұраған: - Біздің Ормон хан Кенесары ханды өлтіруге мәжбүр болған. Мен бұл үшін қазақ халқынан кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай үшін шын жүректен кешірім сұраймын. Қазір жылағым келіп тұр, расында. Біз Кенесары ханның басын қайтарып, Құран оқып, бұл ренішті лайықты түрде ұмытуымыз керек, – деген еді әнші.
ӘНШІ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ
Алайда бұл мәлімдемесі үшін ол Қырғызстанда сынның астында қалды. Кейбіреулер “Қазақстанның пропагандасына ерді” деп айыптады. Қырғызстанның мәдениет вице-министрі Марат Тағаев бұл жағдайға қатысты пікір білдірген. Шенеуніктің пікірінше, қырғыздар өз жерін қорғаған Ормон ханның әрекеті үшін кешірім сұрамауы керек. Ол жастардың тарихын дұрыс түсінуі үшін Қырғызстанда өздерінің тарихи фильмдерін түсіру қажет екенін атап өтті.
ӘНШІ НЕ ДЕДІ
Қайрат Примбердиев кейіннен бұл жағдайға қайта пікір білдіріп, сөздерінің контекстен үзіп алынғанын айтты. - Мен бұл сөздерді шын жүректен, достық пейілмен айттым. Бірақ кейбір сөздер контекстен үзіліп, бұрыс түсінік қалыптасқан. Мен сұхбатымда Кенесары хан мен Ормон ханға қатысты тарихи оқиғаларды баяндадым. Бұл жерде мен халықтарымыздың татуласуы үшін кешірім сұрадым, – деді әнші.