Өзбекстан азаматы Алишер Ярматов отбасымен бірге жылан өсірумен айналысады. «Сөйле» YouTube арнасына берген сұхбатында жыланның емдік қасиеттері туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Кейіпкердің айтуынша, жаздыгүні 50-60 жылан асырайтын көрінеді.
«Шамамен 50 жылдан бері жылан асыраймын. 7-8 жасымнан бастап улы тіршілік иесінің жаратылысына қызыға бастадым. Бастапқыда жыландармен түрлі трюктер көрсетіп, жұрттың қошеметіне бөленетінмін. Ертеректе баламның қолының терісіне түсініксіз жара шығып, емделмей қойған еді. Содан жыланның уы мен вазелинді араластырып жаққанда, екі-үш күнде құлан-таза айығып кетті. Осыдан кейін жыланның уында да ем бар екенін біліп, медициналық жағынан білім алдым. Біраз адамның дертіне жыланның уы ем болды. Қатерлі дерттен айығып кеткендері де аз емес», - дейді Алишер Ярматов.
Айтуынша, жыланның уын халық медицинасы ретінде қолданып, емшілікпен айналысып жүр.
«Қазір үйімде 20-ға жуық улы сұржылан асырап отырмын. Ал жазда күн жылынғанда кобра жыланын алып келемін. Ауа райы жылынғанда 50-60 жылан асырайтыным бар. Оның уынан емдік қасиеті бар дәрі дайындаймын. Өмірімде өзімді 32 рет жылан шағыпты. 6 мәрте кобра, қалғанын сұр жылан шаққан. Уы өзіме әсер етпейді», - деді улы тіршілік иесін өсіріп отырған Өзбекстан азаматы.