Жетісайлық Сымбат Бердіқұлдың оқиғасы тіпті ерекше. Ол өзінің және күйеуінің туысқан екенін тек тұрмыс құрар кезде білген, деп хабарлайды Paryz.kz stan.kz-ке сілтеме жасап.
«Күйеуім екеуміздің анамыз рулас, ал аталарымыз ағайынды болып шығады. Қысқаша айтқанда, нағашы әпкем деуге болады. Үйленбей тұрып біз бір-біріміздің туысқан екенімізді білмедік. Өйткені аталарымыз жақын араласпаған. Бірақ той күні жақындағанда, бұл жаңалық біз үшін таңғаларлық болды. Біздің некемізге ата-анамыз қарсы шыққан жоқ. Көбі қан тазалығына қатысты күдік келтіргенімен, біз оған келіспейміз. Себебі әкеміздің руы әртүрлі, әрі арада қаншама ұрпақ өсіп шықты. 2022 жылы отау құрып, 2023 жылы сәбилі болдық. Бізде ешқандай денсаулық мәселелері болмады, баламыз толық сау болып дүниеге келді. Бұл жағдай, өзіміздің және баламыздың денсаулығы үшін ешқандай қауіп туғызған жоқ», – деді Сымбат Бердіқұл.
Сымбат Бердіқұл енесінің анасынан жасы әлдеқайда үлкен екенін айтып берді. Жасы нағашы әжесімен шамалас.
«Енем маған өте қамқор, әрі өз қызындай қарайды. Біздің үйде туысқан болғаннан кейін бе, кикілжіңдер болмайды. Күйеуім Шардарадан, ал мен Жетісайданмын. Бірақ қазір Шымкентте тұрып, осы жерде жұмыс істейміз. Енем нағашы жақтан туыс болса да, сәлем саламын. Қазір туысқандарға “бөлемді ешкімге қимай, өзім тиіп алдым” деп қалжыңдаймын», – деді Сымбат.
Сымбат отбасында өзара түсіністік пен құрмет орнату маңызды деп санайды. Жетісайлық ару туыстық қатынастар туралы айтқанда, шешімдерінің дұрыс екенін және қоғамдағы көптеген стереотиптерден тыс өмір сүріп жатқанын айтты.