15.03.2021, 20:41

Сәтбаев қаласында белгісіз біреулер 5 итті атып кеткен

фото: ашық дереккөз

Тәртіп сақшылары үй жануарларын тегіс ұңғылы мылтықтан атқанын айтады...

Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында белгісіз біреулер түн жарымда хайуанаттарды қорғау орталығындағы 5 итті атып кеткен, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Таңертең олардың өлексесін тұрғындар тауып алған. Қаңғыбас иттерді асырауға арналған бұл орынды саяжай ішінен жергілікті волонтерлер ашқан. Мұнда иесіз 28 ит мекендейді. Тәртіп сақшылары үй жануарларын тегіс ұңғылы мылтықтан атқанын айтады.

"Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Полиция қызметкерлері иесіз иттерді асыраумен айналысатын еріктілерді анықтады. Олардың айтуынша, 15 наурыз күні белгісіз біреулер әртүрлі тұқымды 5 итті атып кеткен. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 316-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.