Қазақстандықтар әлеуметтік желіде жастар стиліндегі беташарды сынға алды. Жастардың үйлену тойын жаңаша өткізуі көптің шамына тиді, деп хабарлайды paryz.kz massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Қалыңдық жариялаған бейнежазба Instagram платформасында 700 мыңнан астам қаралым жинаған. Ума Оспанова есімді желі қолданушысы үйлену тойын жастар форматында өткізуді ұйғарғанын жазып, аталмыш видеоны парақшасында жариялады.
"Келіннің ортаға шығуы, беташар - бәрі де заманауи форматта. Жастар тойындағы салт-дәстүрдің сізге қалай өткені ұнайтыны туралы пікірлеріңізді бөлісіңіздер", - деп жазды ол.
Пікірлер бөлімі екіге жарылды. Кейбірі жастардың бұл ісін дәстүрді қорлау ретінде қабылдады.
"Креативті қолдаймын, бірақ бұл мазаққа ұқсайды", "Бұл беташар емес, бұл беташар деген сылтаумен жасалған қайыршылық", "Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді бимен қалай бұрмалайсың? Әдет-ғұрыпты құртпаңдар" , "Салт-дәстүрді сақтау керек, тазарту керек", "Мен жаспын, десе де салт-дәстүрді, тамырыңды, ғұрыптарды сақтаған жөн деп санаймын", "Егер заманауи той жасағылары келсе, беташар жасаудың қажеті жоқ еді", - деп жазды пікір білдірушілер.
Ал кейбір пікір қалдырушылар жастарды қолдады.
"Заманауи беташар өте керемет! Жастардың батылдығы!", "Бұл олардың үйлену тойы! Олар қалай қаласа, солай тойлайды. Жарайсыңдар!", "Жастар кеші - тамаша идея. Ең бастысы, жас жұбайлардың өздеріне ұнаса болды", - деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында қазақтың аталмыш ұлттық дәстүрі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген еді.