Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Амал мерекесі деген жоқ, ойдан шығарылған дүние" - этнограф

Сондай-ақ Досымбек Қатранұлы Көрісудің мереке емес, ғұрып, Наурыз мейрамы аясында атқарылатын амалдардың бірі екенін атап өтті.

"Амал мерекесі деген жоқ, ойдан шығарылған дүние" - этнограф
фото: ашық дереккөз

Бүгін, 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күні адамдар ерте тұрып, жасы үлкендерге арнайы барып сәлем береді. Арадағы өкпе-ренішті, араздықты ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді. Осы орайда Sputnik Қазақстан сайтының тілшісі этнограф Досымбек Қатранұлынан Көрісу күнінің шығу тарихы мен қалай аталып өтетінін сұраған, деп хабарлады paryz.kz.

Халық арасында Көрісу күнін Амал мерекесі деп те атайтынын жиі естиміз. Алайда этнографтың айтуынша, бұл мүлде дұрыс емес.

"Амал мерекесі деп айтуға болмайды. Мен ондайды естіген жоқпын. Осы атаудың шыққанына бір-екі жыл болды. Этнограф ретінде айтайын, Қазақстанның барлық облысында болдым, батыс өңірге – Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтау, Ақтөбеге бірнеше рет барған кезде Амал мерекесі дегенді естіген жоқпын. Амал мерекесі деген жоқ, ойдан шығарылған дүние", - деді ол.

Сондай-ақ Досымбек Қатранұлы Көрісудің мереке емес, ғұрып, Наурыз мейрамы аясында атқарылатын амалдардың бірі екенін атап өтті. Айтуынша, Көрісу күні тек батыста ғана сақталмаған, барлық өңірде бар.

"Көрісу күні тек батыста аталып өтеді деу - қате түсінік. Қыстан аман-есен шыққан қазақтар бір-бірімен көріскен, яғни қауышу рәсімін жасаған. Жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған. Алыста тұратын ағайын-туысқан үлкендерге сәлем беру үшін арнайы келген. Яғни, бұл дәстүр бүкіл өңірде бар. Тек "көрісу" деп ат қойып жүрген, ол - батыстың өзінің ерекшелігі. Басқа өңірлерде көрісу деп аталмауы мүмкін, ал амандасу, бет көрісу, жүз көру - барлық жерде бірдей. Батыста ғана көрісу деп атап кеткен", - дейді этнограф.

Ол биыл Көрісу күні 14 нурызға дәл келіп тұрғанын жеткізді. Айтуынша, жыл сайын дата ауысып отырады, мәселен, келесі жылы 11 наурыз болуы мүмкін.