Шымкентте ұялы байланыс пен интернеттің жылдамдығын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Айталық, былтырғы жылы осы мақсатта өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесіп, байланыс жылдамдығы төмен 147 нүкте анықталған болатын. Нәтижесінде 33 нүктеде базалық станциялар орнатылды. 5G технологиясын енгізу аясында «Kcell» 133 базалық станциясы мен «Кар-Тел» 282 базалық станциясы қайта жаңартылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ал, биыл ұялы байланыс пен интернет жылдамдығы төмен болған 43 нүкте анықталып, операторлар базалық станцияларды шеринг әдісімен бөлісуді және жаңа құрылғылар орнатуды қолға алды.
Ұялы байланыс сапасын жақсарту жобалары Шымкент қаласы тұрғындарына жоғары жылдамдықты және сапалы мобильді байланыс ұсынуға бағытталған. «Бұл жұмыстар қала инфрақұрылымын цифрландыруға және байланыстың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді» дейді сала мамандары.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналаған кезекті Жолдауында еліміздің барлық өңірлерінде «Astana Hub» үлгісі бойынша IT орталықтарын ашуды тапсырған болатын. Осыған орай, ағымдағы жылдың мамыр айында «Shymkent HUB» технологиялық паркі өз жұмысын бастады. HUB-тың да негізгі міндеті тұрғындарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар, Стартап жобалар бойынша консультациялар беру, IT-қоғамдастықты қалыптастыру және дамыту және технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеу қарастырылған.
Сала мамандарының мәлімдеуінше, қалада HUB ашылғалы бері 55 іс-шара ұйымдастырылып, 1559 келуші тіркелді. Аптасына бір рет IT және байланыс саласының мамандарының қатысуымен мастер-кластар өткізіліп келеді. «Shymkent HUB» өңірлік IT-қауымдастықты дамытып, технологиялық кәсіпкерліктің негізгі алаңына айналуды мақсат етіп отыр. Бұл бастама өз кезегінде Шымкент қаласының цифрлық экономикасын нығайтуға айтарлықтай үлес қосатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі байланыс пен интернет сапасының нашар екенін айта келе: «Тағы бір мәселе – интернет жылдамдығының төмендігі. Байланыс операторлары тарапынан тарифтік жоспарлар үнемі жаңартылып отырады. Ал интернет жылдамдығы мен сапасы ресми мәлімдемеден нашар. Үкіметке осы салада тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нақтылы параметрлердің мәлімделгендерден айтарлықтай алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын» деген болатын. Бүгінде Шымкентте осы мақсатта ІТ технологиялар арқылы іске асырылатын бірқатар маңызды жобалалар қолға алынуда. Солардың ішінде тұрмыстық қалдықтарды басқаруға арналған «Цифрлы контейнер» жүйесі және кадрлық басқаруды оңтайландыруды көздейтін «HR-process» жүйесі ерекше назар аудартады. «Цифрлы контейнер» жобасы қалдықтарды басқару жүйесін оңтайландыруды, бейнебақылау арқылы қоқыс алаңшаларының жағдайын бақылауды, қала тұрғындарының өтініштерін жедел өңдеуді көздейді. Сонымен қатар, «HR-process» жүйесі ұйымдардың кадрлық іс жүргізуін цифрландыруды, қызметкерлердің жұмысын бақылау және тиімділікті арттыруды, деректердің дұрыстығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Бүгінде қалада аталмыш жүйені іске асыру мақсатында Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасына қарасты №2 қалалық емхананың үш корпусына арнайы планшеттер орнатылды. Қызметкерлерге бағдарламаны қолдану бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. «КДС Франчайзинг» компаниясымен меморандумға қол қойылды.