Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шымкентте «Жастар» бағдарламасы бойынша баспаналы болуға 3 852 жас өтінім білдірді

Шымкент қаласында 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтуға арналған бағдарлама бойынша өткізілген конкурсқа 3852 өтінім түскен. Сала мамандары бұл өтінімдердің жұмыс күндері қаралатынын айтады. «Жастар» бағдарламасы балдық жүйе арқылы жүзеге асырылады. Конкурс нәтижесі түскен өтінімдердің қаралу уақытына қарай ауқымдылығына байланысты 55 жұмыс күнде шығарылады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкентте «Жастар» бағдарламасы бойынша баспаналы болуға 3 852 жас өтінім білдірді
Фото: pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында жастарға барынша көңіл бөлу керек екенін айтып келеді. «Жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Қалада пәтердің бағасы тым жоғары. Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ, жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен қолжетімді болуға тиіс», -- деген болатын Президент.  

Расында да елімізде 18-35 жас аралығындағы 1,3 млн қазақстандық баспанаға мұқтаж. Осы мақсатта Отбасы банкі тарапынан қолға алынған «Жастар» бағдарламасының шарапатын сезініп жатқандар қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәлімдеуінше, өткен жылы Отбасы банк ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) 35 жасқа дейінгі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті. Оларға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 414 млрд теңге сомасына заемдар берілді. Соның нәтижесінде жас қазақстандықтар бір немесе екі бөлмелі пәтер сатып алды. Мұндай тұрғын үйдің орташа құны 19,7 млн теңгеге тең.

Баспанаға сұраныс білдіріп жатқан жастардың қатары әсіресе өңірлер мен моноқалаларда көп. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайларының болмауына байланысты халық ірі қалаларға қоныс аударуда. «Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған байланысты халықтың ең көп өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады» дейді сала мамандары.

Жастарды қолдау және отбасының ішкі көші-қонын азайту үшін банк қалалар мен облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосқан болатын. Ол алғаш рет 2017 жылы Алматыда қолға алынды. Сол кезде "Алматы жастары" бағдарламасы аясында алғашқы 100 қатысушы қоныс тойын атап өткен болатын. Содан кейін жобаға Астана және басқа да облыстар қосылды. Жастар бағдарламасының арқасында соңғы 7 жылдың ішінде бүкіл ел бойынша 5400 жас қазақстандық қоныс тойын атап өтуге мүмкіндік алды. Отбасы банк жобаны іске асыруға 22,5 млрд теңге, жергілікті әкімдіктер 75,4 млрд теңге бөлді. Жалпы есептегенде жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасының бюджеті 98 млрд теңгені құрады. Жастар бағдарламалары Алматы, Астана, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарында да жұмыс істеп тұр.

Аталмыш бағдарламаға Қазақстанның 35 жасқа дейінгі кез келген азаматы қатыса алады. Өтінім беру кезіндегі ресми жұмыс өтілі аймаққа байланысты 6 айдан 12 айға дейін болуы керек. Сонымен қатар, соңғы 5 жыл ішінде адамның меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Банк сатып алынатын тұрғын үй құнын шектемейді, жоғарғы шек тек қарыз сомасына ғана белгіленеді. Аймаққа байланысты ол 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ауытқиды. Егер таңдалған баспана қымбатырақ болса, онда бағдарлама қатысушысы қарыз сомасы мен тұрғын үй бағасы арасындағы айырмашылықты өз есебінен төлейді.

Жастар бағдарламасы бойынша бастапқы жарна - 10%, ал пайыздық мөлшерлеме - жылдық 5%-дан (ЖТСМ - 5,2%-дан бастап) бастап. Ипотеканың максималды мерзімі - 19 жылға дейін. Сондай-ақ, жас қазақстандықтар тұрғын үйлерді бағдарламадан тыс, нарықтық шарттармен сатып алу үшін Отбасы банкіндегі депозиттеріне белсенді түрде қаражат жинайды. «Банк салымшыларының 30%-дан астамы – 35 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар. Олардың ең үнемшілдері Алматы, Астана және Шымкентте тұрады» дейді банк қызметкерлері.

Биылғы жылы Отбасы банк Қазақстандық жастарды қолдау жөніндегі жобаларды іске асыруын жалғастыруда. Сондай-ақ, бұл бағыттағы жұмысты тиімді іске асыру үшін банк облыс әкімдіктеріне жыл сайын және тұрақты түрде аудан орталықтарында, моноқалаларда және ауылдарда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өңірлік бюджетке қаражат бөлуді алдын ала қарастыруды ұсынады.