Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласы тұрғындарымен кездескенде шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келе, өңірді өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталған болатын.
Онда Президент көлік-логистика және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру қажет екенін тілге тиек етіп:
«Қаланың айналма жолын тұйықтайтын автожолды тезірек іске қосуды және жаңа әуежай терминалының құрылысын уақтылы аяқтауды тапсырамын. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды, сол себепті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру қажеттігі туындады. Осы мақсатқа 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Соның нәтижесінде ауыз су, электр қуаты және газ мәселесі біршама реттелді. Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Келесі жылы қала орталығынан шалғай орналасқан 2 елді-мекеннің су мәселесін толық шешуді тапсырамын. Қазір 8 елді-мекенде сапалы электр жүйесі жоқ. Алдағы жылы бұл мәселені толығымен шешу қажет. Сондай-ақ тағы 8 елді-мекенде газ мүлде жоқ. Үкімет пен әкімдікке бұл жерлерге газ жеткізу үшін қаржы бөлу мәселесін пысықтауды тапсырамын, – деген болатын.
Қазіргі таңда қалада тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз етуге және көшелерді жарықтандыруға барынша көңіл бөлінген. Айталық, бүгінде қалаға жанадан қосылған Шымсити шағын ауданында жарықтандыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл бастама қаланың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өмірін жайлы етуге және түнгі уақытта шағын ауданның ажарын ашуға бағытталған.
-Жарықтандыру жобасы аясында заманауи шамдар орнатылып, көше мен аула аймақтары толықтай қамтылуда. Бұл жұмыстар тек инфрақұрылымды жақсарту емес, сонымен қатар тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңызды қадамы. Қаланы көркейту жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Шымсити Шымкенттің ең жарық әрі қауіпсіз аудандарының біріне айналатын болады, - дейді сала мамандары.
Шымкент қаласы бойынша орталық маңызы бар 747 көшенің 522 көшесі жарықтандырылған. Оның ішінде, ағымдағы жылы Тұран шағынауданындағы магистралды 13 көшені жарықтандыру, аудан әкімдіктері тарапынан 5 аудан көлемінде 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған болатын.
Айта кетейік, қалада 2021 жылы 107 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 29,5 %-дан 47 %-ға, 2022 жылы 105 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 47 %-ден 69 %-ға, 2023 жылы 90 көше жарықтандырылып 69 %-дан 70%-ға өскен болатын.
Ал, биыл өңірде сапалы электр қуатымен 81 елді мекен толық қамтылған. 2023 жылы 6 нысанның (Қайнарбұлақ, Батыс, Нұрсәт, Түркістан, Асар-2, «Ақжар» 110/35/10кВ) құрылыс жұмыстарына 1,6 млрд.теңге бөлініп, жыл қорытындысымен 4 нысанның (Қайнарбұлақ, Батыс, Нұрсәт, Түркістан) құрылыс жұмыстары аяқталған. Нәтижесінде, 22 мыңға жуық адам сапалы электр жүйесін қосылуға мүмкіндік алып, қамту деңгейі 98%-дан 99%-ға өсті.
Сонымен қатар, 2024 жылы 4 елді мекеннің (Сайрам, Бозарық, Асар-2, Құрсай) жаңа құрылыс аумақтарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын 2024-2025 жылдары атқару жоспарлануда.