Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Шымкентте жыл басынан бері 28 813 адам жұмыспен қамтылды

Бүгінде халықты, жастарды жұмыспен қамту Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа орналастыру туралы тапсырма берген болатын, деп жазады Paryz.kz.

Шымкентте жыл басынан бері 28 813 адам жұмыспен қамтылды
Фото: pixabay.com

Сонымен қатар, Президент оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін шегелеп айтқан-ды. Қазіргі таңда Шымкент қаласында тұрғындарды жұмыспен қамтуға қатысты іс-шараларға баса көңіл бөлінген. Соның нәтижесінде ағымдағы жылдың 11 айында өңірде  жұмыссыздықпен күресу және тұрғындарды жұмыспен қамту шаралары жоспарға сәйкес орындалды. Мәселен, биыл 30 207 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделген болса, нақты 28 813 адам жұмысқа орналасып, жоспар 94,4 пайызға орындалды.

- Ағымдағы жылы Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту жөніндегі бағдарламалар негізінде қысқа мерзімді кәсіптік білім беру бойынша 3 732 адамды оқыту жоспарланған болатын. Нәтижесінде 3 376 адам оқуға жолданды, бұл 90,5 пайызды құрайды. Олардың ішінде, 92 адам кәсіби біліктілікті тану (ваучер оқуы) бағдарламасына,157 адам жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуға, 513 адам білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту бағдарламасына қатысса, 2 706 тұрғын «http://xn--nbek-u4d.kz/» порталы арқылы онлайн-оқыту бағдарламасын таңдады.  
Кәсіпкерлікті дамыту бағытында 4 176 адамға кәсіпкерлік қолдау көрсету жоспарланған болатын. Нақты 3 777 адамға қолдау көрсетілді. Бұл 90,4 пайызды құрайды. Олардың арасында 3 349 адам «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға тартылса, 428 тұрғынға қайтарымсыз грант берілді, - дейді Еңбек мобильділігі орталығының директоры Бағдат Арқабаев.

Бағдат Мақсұтұлының мәлімдеуінше, қалада субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. 7 453 адамға жұмыспен қамту шаралары ұсынылып, нәтижесінде 7 019 адам жұмыспен (94,2%) қамтылды. Олардың ішінде, 170 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, 2 311 жас маман «жастар практикасы» бағдарламасына, 2 453 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыстарға, 1 274 адам «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына», 20 жас маман «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына тартылып, 791 адам «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа қабылданды.

Орайы келгенде «Күміс жас» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға кеңірек тоқтала кетейік. Жалпы Шымкент қаласында мемлекеттік «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл жоба зейнеткерлік жасқа жақындаған, бірақ әлі де белсенді еңбек ете алатын адамдарды қолдауға бағытталған.

«Күміс жас» бағдарламасы елімізде зейнеткерлікке дейінгі жастағы азаматтарды еңбек нарығында қолдау арқылы олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану мақсатында іске қосылған. Жоба аясында жұмыс берушілер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тарта отырып, олардың айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланады.

Шымкент қаласы бойынша, жыл басынан бері 791 азамат осы бағдарлама арқылы жаңа жұмыс орындарына ие болды. Олар білім беру, медицина, мәдениет, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да салаларда еңбек етуде. 

Жалпы қалада биыл 14 846 адамды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған болатын. Нәтижесінде 14 641 адам тұрақты жұмысқа орналасып, жоспар 98,6 пайызға орындалды. Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан  жұмыспен қамту шаралары тұрғындардың еңбекпен қамтылуына және кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай үлес қосып, өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағынан өркендеуіне өз септігін тигізуде.