Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы 2025 жылы доллар бағамы, инфляция және базалық ставка мөлшеріне болжам жасады, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Қаржы нарығының сарапшылары келесі жылы жалпы ішкі өнім 4,4 пайызға ұлғаяды деп күтіп отыр..
Ал теңге одан әрі әлсіреп, доллар бағамы 545,2 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжам бар. «Шикізаттың төмен бағасы, ОПЕК+ мәмілесін орындау қажеттілігіне байланысты мұнай өндірудің азаюы, қазақстандық шикізаттың негізгі тұтынушыларында экономикалық өсімнің баяулауы, импорттың ұлғаюы, валюта бағамы бойынша нашар болжам, өңірдегі күрделі геосаяси ахуал мен инвесторлардың тәуекелден қашуы теңгеге қысым көрсетуі мүмкін», - дейді қаржыгерлер қауымдастығы.
Сондай-ақ сарапшылардың болжамынша, 2025 жылғы желтоқсанда елдегі инфляция 9,5 пайызды құрайды. Базалық мөлшерлеме 14,25% деңгейінде болжанып отыр. Айта кетері, дәл қазір валюта айырбастау пунктерінде доллар 520-524 теңгеден сатылып жатыр.