Шымкент қаласында бірқатар елді мекендерге табиғи газ жеткізіліп, көгілдір отын жүйесі рет-ретімен іске қосылуда, деп хабарлайды Paryz.kz.
Алайда, кейбір тұрғындар газды пайдалануды бастау үшін қандай шараларды қабылдау қажеттігін немесе газ жүйесіне қалай қосылуға болатынын толық түсіне бермейді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тұрғын үйлерді газдандыру шығындары тұрғындардың өз есебінен жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз, мемлекет газ тарату желілерін елдімекенге дейін жеткізіп береді, ал үйді газға қосу жұмыстары тікелей үй иесінің міндетіне жатады.
Бұл тәсіл шығындарды әділ бөлуге мүмкіндік береді: газды пайдаланатын тұрғындар ғана оған жұмсалатын шығындарды көтереді.
Газды үйге қосу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары бәсекелестік ортада жүргізіледі.
Осыған орай, әрбір тұрғын мердігер ұйымды өз еркімен таңдау құқығына ие. Жұмыстардың құны үй иесі мен құрылыс-монтаждау ұйымы арасында жасалған келісім шартқа сәйкес анықталады.