«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының барлық аудандарында санитарлық тазалық іс-шаралары қарқынды түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Paryz.kz.
Атап айтсақ, Абай ауданының Ынтымақ-2 шағынауданында, Әл-Фараби ауданындағы Сәуле шағынауданында, басқа да аудандардың аумағында кең көлемде сенбілік өтті.
Барлық ауданның коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен белсенді тұрғындар бірігіп, көшелер бойын, аяқ жолдарды тазалау жұмыстарын атқарды.
Абай ауданы әкімдігінің бас маманы Серікболсын Раматтың айтуынша, тазалық шарасына коммуналдық мекеменің 60-қа жуық жұмысшысы, 4 техника жұмылдырылған. Іс-шараға жергілікті тұрғындар, ардагерлер кеңесінің өкілдері және қоғам белсенділері атсалысты. Ауданның қоғам белсендісі Орынша Тәжібаева тұрғындардың тазалыққа деген белсенділіктері, ынтасы мен жауапкершіліктері артып келе жатқанын айтты.
Әль-Фараби ауданында Сәуле шағынауданында арық жүйелері тазаланып, қоқыс жиналды. Бұл жұмыстарға шамамен 200-ге жуық еріктілер, аудандық коммуналдық мекемелердің қызметкерлері және 10 техника жұмылдырылды. Тазалық шаралары барысында аудан тұрғындары да белсенділік танытты.
- Нұрсат шағынауданында «Қаратау» МКК мен «Жасыл жер» ЖШС мен аппарат қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы екі мәселені көздеп отыр. Біріншіден, тазарту. Екіншіден экологиялық мәдениетті тарату. Алғашқы уақытта тұрғындар арасында белсенділік байқалмады. Кейін өздерінің ынталарымен тазалық жұмыстарына қатысамын деген ниеттілер еселенді,-дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.
Сенбілік барысында көшелер мен аулалар тазартылып, ирригациялық арықтар мен аяқжолдар, қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, ауданда жыл басынан ай сайын тазалық акциясы және апта сайын тұрақты жалпы қалалық сенбілік ұйымдастырылуда. Сенбіліктерге жыл басынан бері 5000 -ға жуық аудан тұрғындары, 300 -ге жуық кәсіпкерлік нысан иелері, 100-ге жуық әлеуметтік білім нысандары мен 50-ге жуық емдеу мекемелері тұрақты қатысуда.
Тұран ауданында тазалық жұмыстарына 200-ден астам тұрғын мен 6 техника жұмылдырылды.
Шымкент қаласының бес ауданында мұндай экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, табиғатты қорғауға және қала экологиясын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Жауапты мамандар алдағы уақытта да осындай шаралардың жиі ұйымдастырылатынын айтады.
Бұл шаралар қаланы таза әрі көрікті етуге, тұрғындардың экологиялық санасын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.