Шымкент қаласындағы теміржол вокзалында гандболдан Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алған Қазақстан ұлттық құрамасын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Құрама сапында ел намысын абыроймен қорғаған шымкенттік спортшылар – Колесниченко Дарья мен Ситникова Мария, жеңіске жетуде маңызды рөл атқарды.
Спортшыларды қарсы алуға олардың жақындары, жанкүйерлер, жергілікті спорт басқармасының өкілдері мен қала тұрғындары жиналды. Шымкенттік қос спортшының жетістігі өңірдегі спорттың дамуына серпін беріп, жас буынға үлкен шабыт сыйлады.
Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен гандболдан Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін өткен шешуші матчта қазақстандық команда Иран құрамасын 28:22 есебімен басым түсіп, жеңіске қол жеткізді.
Бұл – Қазақстан құрамасының Азия чемпионаттарындағы төртінші жүлдесі.
Шымкенттік спортшылардың табысы қаланың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналып, спорт саласындағы жаңа биіктерге жол ашты.