Шымкентте ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, дәстүрлі әнші әрі термеші Татьяна Бурмистрованың шығармашылығына арналған сырласу кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Іс-шараны Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйымдастырды. Кешке қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы құттықтау хатын табыстады. Кездесуге дәстүрлі әншінің өнердегі әріптестері, ауылдастары және қала тұрғындары жиналды.
Кештің негізгі мақсаты – қазақ дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар, ерекше дауысымен тыңдарман жүрегіне жол тапқан Татьяна Бурмистрованың шығармашылығын кеңінен насихаттау. Оның орындауындағы халық әндері мен термелері қазақ мәдениетінің баға жетпес байлығын ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқарады.
Сырласу кешінде қатысушылар әншінің шығармашылық жолы мен жетістіктері туралы естеліктерімен бөлісті. Татьяна Бурмистрова - өз өнері арқылы қазақ халқының ұлттық ән өнерін ұлықтап, оның терең мазмұнын қазіргі заманғы тыңдарманға жеткізуде зор үлес қосуда.