Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында бірнеше маңызды шаралар қабылданды. Бұл шараларға айналым механизмі аясында қарыз қаражат беру және форвардтық шарттар түзу, тұрақты түрде азық-түлік жәрмеңкелерін өткізу, сондай-ақ делдалдық қызметті шектеу шаралары кіреді, деп жазады Paryz.kz.
Қазіргі таңда 70-ке жуық сауда орындарында ӘМАТ-ы нарықтан төмен бағада сатылып жатыр. Сонымен қатар, ұн, жұмыртқа, нан, күнбағыс майы және ет (сиыр еті, тауық еті) өнімдерін өндіруші кәсіпорындармен келісім-шарттар жасалып, бекітілген сауда орындарында тауарлар өндіруші бағасымен ұсынылуда. Бұл келісімдер ірі сауда желілері «Magnum» және «Gramad», сондай-ақ халықтың тығыз орналасқан аймақтарында орналасқан үй маңындағы дүкендермен жасалған.
Сонымен қатар, сиыр етін өндірушілер «Каскасу-С», «Байтерек» және «Алтын төбе» шаруа қожалықтарымен, көкөніс тауарын өндіруші «Колесников» шаруа қожалығымен, нан пісіруші наубайхана ЖК «Темиршиков NAN ONIMDERI» және ұн өндірушілермен келісімдер жасалған.
Бағаны қадағалау және делдалдық қызметті шектеу мақсатында, арнайы комиссия құрылған.
Бұл комиссия сауда дүкендері, базарлар және көтерме сауда қызметімен айналысатын дистрибьюторлық желілерді тұрақты түрде бақылауда ұстайды. Комиссия отырыстары аптасына екі рет өткізіліп, ағымдағы жыл басынан бері 78 отырыс өткізілді.
Бағаны тұрақты бақылау мақсатында көшпелі жиналыстар ұйымдастырылып, әр аудан бойынша сауда орындарындағы баға динамикасы бақылауға алынған.