Шымкент қаласында өтіп жатқан мәдениет пен өнер саласындағы маңызды шаралардың бірі – Ұлттық киім дизайнерлерінің «Жібек жолы айшықтары» атты байқауы үлкен сән көрмесіне айналды, деп жазады Paryz.kz.
Шараның мақсаты – ұлттық мұраларымызды заманауи сән үлгілерімен үйлестіру арқылы халқымыздың бай мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеу болса, ұлттық киім көрме-байқауында дизайнерлер қазақ халқының мәдениетімен қоса ұлттық құндылықтарын дәріптейтін туындыларын жарыққа шығарды. Қазақи нақышта заманауи киім кию үлгісін жаңғыртып, қазіргі заман талабын ескере отырып, сән әлеміне ұлттық киім үлгілерімен ықпал ету болмақ.
Байқауға қаланың 33 дизайнерлері, жас сәнгерлер мен сән өнеріне жаңадан қадам басқан дарындардан өтініш түскен. Өңірдің ұлттық киімдер брендін қалыптастырған ірі кәсіпкерлерден бастап, нарыққа енді аяқ басқан кәсіпкерлер де осы көрмеден табылды. Атап айтқанда, Aru collection, «Нұрхан шапан», «Әсем» сән үйі, «Қаракөз» бренді, балалар киімі дизайнері Ш.Есеналиевалар болды. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, Ж.Тәшенов университеті, Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінің жас дизайнерлері жарысқа түсіп бағын сынады. Байқаудың қазылар алқасы сән әлемінде тәжірибесі мол дизайнерлер мен мәдениет қайраткерлерінен құралды. Олар шығармашылық жұмыстардың терең мағынасы, техникалық орындалу деңгейі және ұлттық ерекшеліктерді сақтауы бойынша баға берді.
Сонымен байқау үш номинация бойынша бағаланды. «Ең үздік балалар мен жасөспірімдер киім үлгісі», «ең үздік күнделікті және жұмыс үлгісі», «ең үздік жас жұбайларға арналған киім үлгісі».
Байқаудың бас жүлдесі жас дизайнер Жанерке Мұхтарға бұйырды. Оның ұсынған «Арал теңізі» топтамасы көпшілік көңілінен шықты.
Сонымен қатар, басқа да жас дизайнерлер де назардан тыс қалмай, арнайы марапаттарға ие болды.
Ұлттық рух пен заманауи сән үндескен бұл шара тарих пен болашақ арасындағы көпір іспетті болды. «Жібек жолы айшықтары» байқауы қазақ мәдениетінің шексіз әлеуетін және оның әлемдік сән сахнасында алатын орнын айқын көрсеткен бірегей жобаға айналды.