Шымкент қаласында Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің жаңа қосымша корпусын ашу салтанаты өтті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Нысан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға беріліп, бір мезетте 200-ге жуық спортшыны қабылдай алады. Екі ауысымда жұмыс істейтін заманауи ғимарат ауқымды жарыстар өткізуге де мүмкіндік береді.
Заманауи талапқа сай бой көтерген ғимараттың жертөлесінде пауэрлифтинг және ауыр атлетика залдары және киім ауыстыру бөлмесі, душ қарастырылған. Сондай-ақ жаттықтырушылар, инструкторлар, төрешілер бөлмелері бар. Бірінші қабатта вестибюль-фойе, күзетші бөлмесі, асхана, 210 орындық көрермендерге арналған трибунасы бар әмбебап спортзал, медициналық пункт жайғастырылған. Ал екінші қабатта демалыс холы, бокс, күрес, бадминтон оқу-жаттығу залдары орналасқан.
№12 спорт мектебінің тәрбиеленушілері үстел теннисі, бокс және таеквондодан Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап, Әлем және Азия чемпионаттарында жеңімпаз атанып жүр. Жаңа корпус спортшылардың жетістіктерін одан әрі еселей түсуге ықпал етпек.