Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының жалпы медальдар кестесінде нешінші орын алғаны белгілі болды, деп хабарлайды paryz.kz.
Қазақстан ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс, 1 қола, барлығы 10 медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, Махмұд Сабырхан (54 кг), Бекзат Нұрдәулетов (86 кг), Сағындық Тоғамбай (92 кг) және Айбек Оралбай (+92 кг) алтыннан алқа тақты. Қазақстан әйелдер құрамасынан Виктория Графеева (60 кг), Аида Әбікеева (63 кг), Наталья Богданова (70 кг), Гүлсая Ержан (81 кг) және Елдана Тәліпова (+81 кг) чемпион атанса, тағы 5 боксшы қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы барлығы 9 алтын, 5 күміс, 6 қолаға қол жеткізді.
Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан екінші орынға шықты. Алтын медаль бойынша Өзбекстан ғана (11) алда тұр. Қазақстан әйелдер құрамасы медальдар саны жөнінен көш бастаса, ерлер Өзбекстанды (8 алтын, 2 күміс, 1 қола) алға жіберді.
Азия чемпионатының жеңімпаздары 8 мың АҚШ доллары (4,1 миллиондай теңге), күміс жүлдегерлер 4 мың, қола алғандар 2 мың доллар көлемінде сыйақы алды.