Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мақсатында жыл басында жоспарланған міндеттердің нәтижелі орындалуы аса маңызды.
Биыл өңір халқының тұрмыс деңгейін, әл-ауқатын жақсартуға негіз болған бірқатар өзгерістер орын алды. Инвесторлар есебінен өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бұл туралы толығырақ Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты, деп жазады Paryz.kz.
Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 981 өнеркәсіптік кәсіпорын шоғырланған, оның ішінде 19 – ірі, 46 – орта және 916 – шағын өндірістер. 2024 жылғы 10 айында қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 913,9 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда өнім көлемі 2 пайызға артқан. Мегаполисте бұдан өзге де құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл туралы, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары айтты.
- Қазіргі уақытта қала аумағында 1 660 га аумақта қосымша 5 жаңа өндірістік алаңдарды құру жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысымен Шымкент қаласына 536,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,9% құрады. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен түскен инвестициялар көлемі 129 млрд теңге, ал жекеменшік инвестициялар 407,4 млрд теңгені құрады. 2024 жылы жалпы 813 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 12,2 пайызға артады деп күтілуде,-дейді ол.
Брифингте, қала аумағында 2024-2028 жылдары аралығында жүзеге асырылатын жобалар туралы да сөз болды. Жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын әр түрлі салаларды қамтитын жеке инвесторлардың есебінен жүзеге асырылатын жобалар нәтижесінде 29,4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Яғни, 220 инвестициялық жобаның пулы жасақталып дайын тұр.