Шымкент қаласында 2107 көпқабатты тұрғын үйге жылу жеткізуді қамтамасыз ететін - “Қуатжылуорталық-3” МКК.Оның негізгі міндеті – жылу қуатын элеватор торабына дейін жеткізу, деп жазады Paryz.kz.
Ал тұрғын үйлердің ішкі жылу жүйесінде туындаған ақауларға мекеме жауап бермейді.
Қазіргі таңда 2107 көпқабатты тұрғын үйдің 647-і арнайы қызмет көрсету мекемелерімен (КСК) келісімшарт жасасқан. Бұл үйлерде ақаулар туындаған жағдайда, келісімшарт бойынша қызметтік сервистер жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жылу жүйесін қалпына келтіреді. Ал қалған 1460 үймен арада арнайы қызмет көрсету мекемелерімен (КСК) келісімшарт жоқ.
Мұндай жағдайда ішкі жүйедегі ақауларды тұрғындар өз күшімен немесе жеке сантехник шақыру арқылы жөндеуі қажет.
Соған қарамастан, “Қуатжылуорталық-3” МКК мамандары тұрғындардың қиын жағдайын ескере отырып, егесіз үйлердегі жер төлелер мен ішкі жүйелердегі ақауларды жоюға, қажетті құрал-жабдықтарды ауыстыруға және үйлерді жылу жүйесіне қайта қосуға көмек көрсетуде.
Айта кету керек қалада бүгінге дейін қазандықтар мен жылу желілерінде апаттық жағдай тіркелмеген, барлық нысан жылумен толық қамтамасыз етілген. Жылу температурасы сыртқы ауа райына сәйкес реттеліп отырады.
Тұрғындар жылу жүйесінде ақаулардың алдын алу үшін қызмет көрсету мекемелерімен келісімшарт жасаудың маңыздылығын түсінуі қажет. Бұл тек жылыту маусымында ғана емес, кез келген уақытта жүйелі түрде қызмет алуға мүмкіндік береді.