Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шымкентте Кемел Тоқаев атындағы байқау қорытыланды

«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС мұрындық болып, өткізіп жүрген Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауы бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Шымкентте Кемел Тоқаев атындағы байқау қорытыланды
Фото: Алмас Ергешов

Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған додаға Шымкент қаласының әкімдігі қолдау көрсетіп, жеңімпаздарды марапаттау жиынына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков өзі қатысты. 

Сонымен қатар, Президент кеңесшісі, байқаудың әділ-қазылар алқасының төрағасы Берік Уали, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Парламент сенатының депутаты Айгүл Қаппарова қатысып, жеңімпаздардың мерейін көтерді.

«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Былтырғы байқау жазушының 100 жылдығымен тұспа-тұс келсе, биыл корпорацияның 30 жылдық мерейтойы екен. Осыған орай корпорация басшылығы бірқатар қонақтарды мерейтойлық медальмен марапаттады. 

Детектив жанры көмегімен құқық қорғау, сот, адвокатура саласында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін дәріптеу ниетімен өтіп жатқан шараны ұйымдастырушылар биылғы байқаудың жоғары деңгейде өткендігін айтады. 

- Байқауды ұйымдастырудағы о бастағы мақсат детектив жанрының атасы Кемел Тоқаевтан кейін кенжелеп қалған жанрды жандандыру еді. Алғашқы жылы 70 шығарма түсіп, ішінде тіпті кейбірі детективке сай келмейтіндері де кездескен. Содан бері жылдан- жылға байқау талабы мен үміткерлердің деңгейі өсті. Биыл тіпті төрешілерге қиын соқты. Бірінен-бірі өткен шытырман оқиғаға толы шығармалар кездесті. Қоржынымызға түскен 106 шығармадан ерек шыққан 10-ы іріктеуден өтті. Биылғы жылғы байқаудың талабы ерекше болды. 

Қазақтың өзінің Шерлок Холмсын, яғни, қаһарман ізкесуші кейіпкер жасағымыз келді. Сол талабымызға сай келетін шығармалар көп түсті. Көлемін де ұлғайттық. Бұрын 10 беттік еді, енді 15 бетке көбейттік. Қылмыскердің образын, қылмыстың қалай жасалынғаны, қылмыстың соңы жаза екенін түсіндіретіндей керемет дүниелер жазылды, - дейді «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС директорының орынбасары Айнұр Сембаева.

Расында байқау талабында кездесетін кейіпкер Қайсенов Абылай Әзімханұлы уәдеге берік, тік мінезді, алайда, әр істі ақылға салып, аналитика жасап шешім қабылдауды жөн санайтын, жауапкершілігі жоғары, кәсіби шебер маман, адамдармен қарым-қатынаста сыпайы, ортада өзін ұстай біледі, кіші демей, үлкен демей барлығына құрметпен қарайды, қиналған адамға көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұрады, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты мықты ұстанады, жөн-жосықты жақсы біледі, адал, жемқорлыққа жаны қас деген сияқты қасиеттері бар екен. 

Қатысушылар арасында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тәжірибелі жазушылармен қатар жас дарындар да болды. Додаға талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты. Бұл шығармашылық сайыс сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызды. Әдебиеттің кенжелеп қалған жанрының түрленуіне, жандануына ықпалын тигізгені анық. «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев шараның өтуіне атсалысқан барша игі жақсыға алғысын білдірді. 

Ел болып күткен байқаудың бас жүлдесі мен ақшалай сыйлығы Қызылордалық жазушы Тұрақ Адисұлына бұйырды. Ең жас детективші 10 сынып оқушысы Салтанат Мамажанова атанды. Ал, Қанағат Әбілқайыр Түркістан облысы әкімінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. Басқа да қатысушылар бірнеше номинациялар мен жүлделі орындарды иемденді.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылар жақсы жаңалығымен келіпті. Алдыңғы өткен байқауларға қатысқан, үздік деп танылған шығармаларды жинақтап, «Шытырман» атты жинақ шығарыпты. Жинаққа енген туындылардың біразы қоғамды елеңдеткен оқиғалар желісі бойынша жазылған. 

Кемел Тоқаев атындағы байқау – бұл тек әдебиет мерекесі емес, сонымен қатар рухани құндылықтарды, әділдік пен шығармашылық еркіндікті дәріптейтін үлкен оқиға. Шымкент қаласы бұл шараны жоғары деңгейде өткізіп, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына тағы бір маңызды үлес қосты.