Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Ақшаның бәрі сыртқа кетіп жатыр» — депутат құрылыс саласын сынады

Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тұмашинов алдағы жыл елдегі құрылыс саласында қымбатшылық орнайтынын айтты. Депутат «Adal Adam» youtube-арнасына берген сұхбатында мұның бірнеше себебін атаған.

«Ақшаның бәрі сыртқа кетіп жатыр» — депутат құрылыс саласын сынады
Фото: pixabay.com

Оның пікірінше, алдымен Қазақстандағы құрылыс материалдарының өндірісі кемшін. Сондықтан импортқа тәуелділік артып, кейінгі баға саясатына әсер етіп отыр. 

«Өкінішке қарай Қазақстанда құрылыс метериалдарының өндірісі жоқ. Бізде тек құм, тас, шиыршық, цемент ғана бар. Сондықтан құрылыс материалдары Ресей, Қытай секілді елдерден әкелінеді», — деді ол. 

Депутатың сөзіне сенсек, геосаяси жағдай ушықса, импортқа ықпал етіп, бағаны тұрақтандыру қиын болмақ. Тұмашинов мысал ретінде Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына қатысты деректі жеткізген. 

«Бұқтырма көпірінің мысалын келтірейік. Алғаш келісімшартқа жасаған кезде жобаның бағасы бөлек болды, яғни 29 млрд теңге еді. 2021 жылы қажетті құрылыс материалын алу үшін Украинадағы «Азовсталь» металлургия комбинатымен келісім жасалған болатын. Кейін екі ел арасында соғыс басталып кетіп, амалсыз құрылыс заттарын Ресейден алдық. Сол кезде санкцияға байланысты 1 теңге 7 рубль шамасында болды. Құрылыс материалдарының бәрі қымбаттады. Демек, алдағы уақытта Ресей-Украина арасындағы қақтығыс нарыққа әсер етпей қоймайды», — деді Ұлықбек Шабданұлыны. 

Сондай-ақ сала маманы құрылыс саласына бөлінетін бюджеттің жарымына жуығы өзге елдерге кетіп жатқанын ашына айтқан. Бұл олқылықты қалпына келтіру үшін құрылыс өнеркәсібін қалыптастыруды ұсынуда. 

«Алғашқылардың бірі болып «Неліктен бізде құрылыс министрлігі жоқ?» деген мәсле көтердім. Нәтижесінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылды. Ендігі кезекте құрылыс материалдарының өндірісін қалыптастыру керек.
Там-тұмдап тапқан ақшаны құрылыс материалын сатып алу үшін басқа елге беріп отырмыз. Мысалы, жылына ел бюджетінің 20 пайызға жуығы құрылысқа жұмсалады. Оның жарты бөлігі шет мемлекетке кетіп жатыр деген сөз», — деді ол.