Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Шымкент: Оқушылар арасындағы буллинг қоғам назарында

Қоғамда буллинг шамадан тыс даралану, бәсекелестіктің өсуі, күнделікті өмірдегі әлеуметтік шиеленіс, өзара жанжалды қарым-қатынасқа байланысты анықталады. Аталған іс-әрекеттер білім беру жүйесінде де жиі кездеседі. Қазір Қазақстан мектептерінде жасөспірімдер арасында болып жатқан қорқыту мен зорлық-зомбылықтар педагогтер мен ата-аналар, құқық қорғау органдарын алаңдатуымен қатар, депутаттар арасында айтылып, дабыл қағу басталды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Шымкент: Оқушылар арасындағы буллинг қоғам назарында
Фото:Шымкент Келбеті

Осыған орай, бүгін адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Шымкент қаласы бойынша өкілі Нұржан Әбдезовпен мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы буллинг мәселесі бойынша кездесу өтті. 

Кездесуге Шымкент қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Жандосова, білім басқармасының бөлім басшысы Әшірбек Әдеев, қала мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, буллинг мәселесінің өзектілігін атап өтіп, өз пікірлерімен бөлісті. 

-Буллинг – оқушылардың тек оқу үлгеріміне ғана емес, олардың тұлғалық дамуына да теріс әсер ететін құбылыс. Біз мектептерде балалар үшін қауіпсіз орта құруымыз қажет. Бұл тек мұғалімдер мен ата-аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Буллинг – бұл тек моральдық мәселе емес, кей жағдайда заң бұзушылық болып табылады. Біз балаларды құқықтарын қорғауға үйретуіміз қажет және ата-аналарға осы мәселеге аса жауапкершілікпен қарау керектігін түсіндіруіміз маңызды, - деді өз сөзінде Баян Айтбекқызы.

Қоғамда көбінесе дене бітімінде ерекшеліктері бар балалар, сондай-ақ дарынды балалар қорқытады. Өкінішке орай, отбасының материалдық жағдайы да мектептегі қорлаудың негізгі себебі болып табылады.

- Буллингтің құрбаны болған балалар тұйықталып кетеді. Ал бұл психологиялық мәселелерге әкелуі мүмкін. Сондықтан біз оқушылардың жан дүниесін түсінуге тырысуымыз керек. Әрбір бала өзін тыңдайтын және қолдайтын адамның бар екенін сезінуі қажет. Мектеп ортасында қорқытудың алдын алу-бұл көмек көрсетуді кезең-кезеңімен ұйымдастыру. Бұл тұлғааралық кедергілерді жою, қарым-қатынас дағдыларын дамыту, мектеп ұжымының топтық бірлігін арттыру. Егер сіз ата - ана немесе педагог ретінде буллинг оқиғасы туралы білсеңіз - сіз міндетті түрде араласып, балаға көмектесуіңіз керек, - дейді «Қорған-М» қоғамдық қорының төрағасы Диана Қырғызбаева. 

Кездесу барысында оқушылардың да пікірі тыңдалып, сұрақтарына жауап берілді. Сондай-ақ, қатысушылар бұл мәселені шешуде ортақ күш-жігердің маңыздылығын ерекше атап өтті.