Шымкент қалалық перинаталды орталықта жаңа туған сәбиге күрделі ота жасалды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қалалық перзентханадан орталықтың реанимация және қарқынды терапия бөліміне, 3600гр салмақпен туылған ер бала жеткізілген.
Кеңірдек ақауымен туылған нәрестеге «өңештің туа біткен атрезиясы яғни кеңірдек —өңештік жыланкөз» диагнозы қойылған. Жедел әрекет еткен орталықтың тәжірибелі дәрігерлер тобы сәбиге «Кеуде ішілік эзофаго-эзофагостомия» операциясын жасап шықты.
Баланың қазіргі жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің жіті бақылауында.
Айта кетейік, қалалық перинаталдық орталықта биылдан бастап неонаталдық хирургиялық операциялар жасала бастады. Бүгінге дейін ішкі ағзаларының ақауымен туылған 40-там астам сәбиге күрделі ота жасалды.
Қазіргі таңда нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшедегі неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлер ақаумен туылған сәбилерді ажалдан арашалау жолында табанды еңбек етуде.