Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Ел арасында «хит» болған Shine Muscat жүзімі денсаулыққа зиян ба?

Маклюбені жеп, тәттіге малынған құлпынайдан дәм таттық. Артын ұзартпай «дубайлық шоколад» шығып, одан да ауыз тидік. Қысқасы, трендке шыққан әр тағамнан ақшаны аяп жатқан жоқпыз. Ендігі кезек Shine Muscat-қа жетті. Түсінікті тілмен айтқанда, ол – сүйегі жоқ жүзім. Сарапшылар еттен де қымбат тауардың зиян екенін айтып, дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. 

Ел арасында «хит» болған Shine Muscat жүзімі денсаулыққа зиян ба?
фото: mgorod.kz

Сонымен, қазір желіде трендке айналған Дубай шоколадының «дәуірі» өтті. Қазір жұрттың назары Shine Muscat жүзіміне ауған. Соңғы 2 аптада сүйегі жоқ жүзімге сұраныс күрт артқан. Бір үзімі 20 мың теңгеге дейін барады. Тұрғындардың дәмін татқан тауар туралы ойы әртүрлі. Бірі мақтаса, енді бірі бағасына сай емес дейді. Олай айтуына себеп бар. Өйткені елге келіп жатқан жемістің бәрі бір елден шыққан өнім емес. Жүзім экспортымен жапондықтардан бастап, корейліктер мен қытайлар айналысады.

«Біздің елге қандай да бір өнім келсе, тексерістен өтеді. Мәселен, жүзім келді делік. Біздің министрліктегі инспекторлар оны бірнеше тексерістен өткізеді. Егер қажет болса, лабораториялық зерттеу де жүргізіледі», – дейді АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің бас сарапшысы Айдын Әмірқұл. 

Хит жүзімнің зиян екенін сарапшылар айтып жүр. Таиландтықтар арнайы зерттеу де жүргізген. Ішінде улы хлорпирифос бар екені анықталыпты. Сөйтіп, олар сатылымнан бірден алып тастаған.

«Тек 9 үлгі Қытайдан әкелінген деп анықталды. Ал қалған 15 үлгінің шыққан елін анықтау мүмкін болмады. Құрамынан 14 түрлі зиянды химиялық зат қалдықтары, 50 пестицид, соның ішінде триасульфурон, цифлуметофен, тетраконазол және флудиоксонил сияқты 22 химиялық зат табылған», – дейді THAI-PAN координаторы Прокчон Ушап. 

Елдегі дәрігерлер хит жүзімді тұтынып, ауруханаға түскен тұрғындар жоқ дейді.

«Десе де кез келген өнімді зерттеп барып алуға кеңес береді. Өзіміз ойлануымыз керек. Бұл денсаулыққа қалай әсер етеді, зияны жоқ па деп зерттеу маңызды. Әркім өз-өзіне жауапты екенін ұмытпаған абзал», – дейді дәрігер Жанель Ілияс. 

Бағасы қымбат жемістің өзге жүзімнен айырмашылығы жоқ дейді желідегілер. Тек бағасы еттен қымбат демесең, аса айырмашылығы байқалмайды. Әрине, тренд өнімді тұтыну-тұтынбау өзіңізге байланысты. Тек сапасына үңілуді ұмытпаған жөн.