Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

"Қысым көрсетті": Қызылордада колледж ұстаздарының жалақысын қысқартып тастаған

Уәдеге бір жылдан бері әбден тойдық деген мұғалімдер мәселеге министрдің өзі тікелей араласса деп отыр.

"Қысым көрсетті": Қызылордада колледж ұстаздарының жалақысын қысқартып тастаған
фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысындағы Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің педагогтары министр Асхат Аймағамбетовтен көмек сұрайды, деп хабарлады paryz.kz, 31 телеарнаға сілтеме жасап.  

Жетпіске жуық оқытушы бір жыл бұрын Білім басқармасы мен колледж басшылары кейбірімізге қысым көрсетіп, кейбірімізді алдап, айлығымыздың тең жартысын қысқартып тастады деп шағымданып отыр. 

Аграрлы-техникалық колледжде өндірістік оқыту шебері болып жұмыс істейтін бір топ ұстаз аз жалақыға әзер шыдап жүргендерін айтып, ашынады. Айтуларынша, өткен жылы Білім басқармасының және оқу орнының басшылары студент санының аздығына байланысты қаржылай қиындық туындағанын айтып, тек өндірістік оқыту шеберлерінің ғана айлықтарының тең жартысын кемітіп тастаған. Ал студент көбейсе, жалақыларыңызды бұрынғыша төлейміз дегеніне ақыр соңы алданып қалдық дейді ұстаздар. 

"Біз сендік. Басшыға да сендік, профкомға да сендік. Кеше сайланған жас орынбасарларға да сендік. Сол сенгеннен болып тұр. Біз негізі қысыммен, алдаумен жарты ставкада болдық", - дейді өндірістік оқыту шебері Камила Ахметова. 

Мұғалімдердің айтуынша, содан кейін оқу орнының студенттерін көбейту үшін өздері де барынша атсалысыпты. Бірақ одан да нәтиже болмай отырғанын айтады. Ең қызығы, бізге жалақы тауып бере алмай отырған директор биыл колледжге жаңадан қызметкерлер алып жатқанына таңбыз дейді оқыту шеберлері.

"2 топ ашсақ та 0,5 жүктемемен келе жатырмыз. Толықтырып бере алмады. Енді соған қарамастан адам алмаймын деп тұрып, 14-15 адамды жұмысқа алып тастады", - дейді өндірістік оқыту шебері Қайрат Омаров.

Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін оқу орнына қаражат студент санына қарай бөлінеді дейді колледж директоры. Ал осыған байланысты айлықтары қысқарған қызметкерлердің мәселесін шешу үшін колледжден жаңа мамандықтарды ашуды жоспарлап отырғанын айтады.

"Бүгінде 15 мамандықты таңдап, сол мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Егер сол мамандықтарға лицензия алып, студенттер сыртқа кетпейтіндей болып жатса, әрине, бұл кісілердің ставкалары толық болады. Оларға жұмыс болады", - деді Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің директоры Жомарт Абибуллаұлы.

Уәдеге бір жылдан бері әбден тойдық деген мұғалімдер мәселеге министрдің өзі тікелей араласса деп отыр.