Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және бағаның өсуіне жол бермеу тетіктерін іске асыру аясында «Алматы «ӘКК» АҚ тауар биржасында сауда-саттық нәтижелері бойынша 4,5 мың тонна қант жеткізуге шарт жасасты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Отандық өндірістегі қант қаланың сауда желілеріне белгіленген сату бағасы бойынша – келісіне 380 теңгеден аспайтын бағамен сатылады. Өз кезегінде қант сататын бөлшек саудагерлер сату бағасына 10%-дан аспайтын үстемеақыны сақтайды. Бұл шара Алматыдағы қант бағасын 2025 жылдың қыркүйегіне дейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Өнім сатылатын жерлерді almatyazyk.kz сайтынан көре аласыздар.
Анықтама: 2023 жылы қарашадан 2024 жылы тамызға дейін «Алматы «ӘКК» АҚ қаланың сауда желілері арқылы белгіленген сату бағасы бойынша 3 мың тонна көлемінде қант сатты, бұл осы кезде Алматыда бағаның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік берді.
Азық – түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры-Алматы қаласының аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған азық-түлік тауарларының жедел қоры.
Тұрақтандыру қорын қалыптастыру және басқару жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. ӘМАТ өнімдерін сатып алу тікелей тауар өндірушілерден және/немесе көтерме кәсіпорындардан (дистрибьюторлардан) мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жүргізіледі».
Демалыс күні жәрмеңкелері – жергілікті тауар өндірушілер мен фермерлердің ұсынылатын бағадан жоғары емес бағамен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуы бойынша Алматыдағы апта сайынғы уақытша сауда алаңдары. Жәрмеңкелер қала тұрғындарының қажеттіліктерін ескере отырып, қаланың сатылатын өнімдердің сапасы мен бағасына тұрақты бақылау жүргізілетін 8 ауданында орналасқан.