Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Әнші Гүлнәр Сиқымбаева соңғы сұхбатында күйеуі туралы сыр шертіп, арманын айтқан

Бүгін белгілі әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның өмірден озғаны белгілі болды. Өнер иесі тілшілерге берген соңғы сұхбатында алғаш рет күйеуі туралы сыр шерткен. Сондай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі немересімен бірге сахнаға ән айтып шығу арманы екенін айтқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Әнші Гүлнәр Сиқымбаева соңғы сұхбатында күйеуі туралы сыр шертіп, арманын айтқан
фото: әлеуметтік желіден

Бұл туралы Гүлнәр Сиқымбаева "Мақсатына жеткендер" бағдарламасында айтқан. Әншінің 38 жыл отасқан күйеуі өзге ұлт өкілі.

«Бірінші рет айтайын. Мұны айту маған оңай емес. Ащы болса да, бұл - өзіме ауыр. Ол кісімен 38 жыл өмір сүрдім, 40 жылға екі-ақ жыл жетпеді. Ауыр дейтін себебім, жолдасым, балаларымның әкесі, өзімнің жарым басқа ұлттан болды, славян халқынан. Бірақ өзіме өте жайлы болды. Осы Алматыға туған. Ол кісімен "Гүлдер" ансамблінде танысқанбыз. Ол дыбыстық режиссер, жарық қоюшы еді. Тура концертте сахнаға шығар кезде аяқ киімімнің өкшесі түсіп қалады. Салмағым да оңай емес. Мен қалай шығамын? Енді қайттім? Сахна ондайды кешірмейді. Көрермендер отыр. Жаңағы жігіттің сынған аппаратты балғамен ұрып жатқанын көріп қалғанмын. Соған жүгіріп барып, "Жөндеп берші" деп айттым. Тағдыр шығар, неге жүгіргенімді білмеймін?! Ол балғасымен өкшені тарс-тарс қағып берді. Мені хабарлап жатыр, сахнаға дереу шығып, әнімді айттым. Зал деген толы, көрермен көп. Сондай қиындықтан алып шыққаннан кейін ол жігітті қалай бір кесе шайға шақырмаймын деп ойладым. Жалғыз ол емес, бір-екі бишіні де шақырдым. Ертеңіне 8-наурыз екен, ол маған бір тал гүл сыйлады. Концерттен кейін ол жігіт мені кафеге шақырды. Содан аралас-құралас болып кеттік. Тағдыр ғой енді, сол жігітке тұрмысқа шықтым. Қазақтың бір жігіті маған ол сияқты қараған емес. Кешке концерттен келгенде легенге су құйып, "Шаршадың ғой" деп аяғымды жуып беретін. Қамырымды илеп, манты мен бауырсағымды пісіріп отыратын. Ондай жігітті неге сыйламасқа? Тағдырым солай болар, - деді әнші.

Өнер иесі өз сөзінде ұлы мұсылман екенін, жолдасы ұлына анасының тегін беруді сұрағанын алға тартты. Ал енесі картоп тазалатып, тамақ әзірлеткізбейтінін айтқан. Гүлнәр Сиқымбаеваның әкесі қызының өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығуына қарсы болған екен. Тіпті 5 жылдай хабарласпай қойған. Сұхбат соңында әнші өз арманымен де бөліскен.

«Өзін-өзі таппай, кетіп жатқан адамда қаншама. Мың да бір шүкір, ризамын өміріме. Өйткені кірпіш болып қаланып үлгердім. Әлі де ары қарай жүре тұрсам деп ойлаймын. Онша қартайып отырған түрім жоқ. Армандар әлі көп. Немерем қазір 3,5 жаста. Сол немереммен бірге сахнаға ән айтып шықсам деп армандаймын,-деген болатын Гүлнәр Сиқымбаева.