Алматы облысы Жетіген аулының орнында құрылған Алатау қаласының мектеп мұғалімдері наразылыққа шықты. Ұстаздар шағымына ауыл мектептерінің қала статусына ауысуына байланысты жалақының 25% азаюы себеп болған, деп хабарлайды Paryz.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Алатау қаласының мұғалімдері шағым білдірген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
«Біз жаңадан құрылған Алатау қаласының мұғалімдері қыркүйек айының жалақысын алған кезде 25% үстемақымыздан айырылып отырмыз. Осы мәселені шешіп берулеріңізді сұраймыз. Себебі біз қала болып кеткен жоқпыз. Қай ауылда тұрдық, сол ауылда тұрып жатырмыз», - дейді бейнежазбадағы мұғалімдер.
Алатау қаласының Білім бөлімі 1 қазан күні Алатау қаласындағы №1 және №47 мектептерінің педагогикалық ұжымдары жергілікті мемлекеттік орган өкілдерімен кездескенін хабарлады.
«Туындаған мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында кездесуге Алатау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, сондай-ақ облыстық білім және ішкі саясат басқармаларының өкілдері қатысты. Нәтижелі диалог барысында еңбекақы төлеу мәселелерімен қатар, тұрғындардың өзекті мәселелері – көлікпен қамтамасыз ету, қоқыс шығару, газбен жабдықтау мәселелері де талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша педагогикалық ұжымдармен өзара түсіністікке қол жеткізілді», - деп хабарлады Білім бөлімінің баспасөз қызметі.