Атырау қаласындағы "Құспан Молда" мешітінің қызметкерлері бас имам Эммат Ғұмаровқа қатысты шағымдарын журналист Ораз Әлімбекке хат арқылы жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Имамға қатысты шағым Хатта мешіт қызметкерлері Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Өтпеновке бірнеше мәрте арыз жазғандарын, алайда ешқандай шара қолданылмағанын мәлімдейді.
Мешіт жамағатының жанайқайы жауапсыз қалды деп шағымданған. Журналист Ораз Әлімбек хатты жариялай отырып, арыздағы айыптаулардың шындыққа сәйкес келу-келмеуін білмейтінін, бірақ мәселені мүфтияттың назарына жеткізу қажеттігін атап өтті.
"Төмендегі арызда айтылған айыптаудың рас яки өтірігін білмедім. Мүфтият қалай да жамағаттың жанайқайына назар аударып, осы арыз бойынша тексеру жүргізуі тиіс. Себебі, мешіт имамын тағайындау Бас мүфтидің бұйрығы бойынша жүзеге асады. Ал менің қолымда тұрған не бар?!. Мен Ақиқат пен Әділдік іздеген жалаңаяқ журналистің бірімін ғой, – деген ол мешіт жамағатының хатын жариялады.
Имамға тағылған айыптар Арызда Эммат Ғұмаровтың діни қызметін жеке пайдасы үшін пайдаланатыны айтылған.
Айтуларынша, имам садақа мен кәсіпкерлердің қолдауын жеке қажеттілігіне жаратып, байлыққа ие болған. Сонымен қатар хатта оның шариғатқа қайшы әрекеттерге, соның ішінде жеңілтек қыздармен байланыста болу және шылым шегу секілді әрекеттерге барғаны айтылады.
Ең сорақысы, жамағат имамның Құранды дұрыс оқи алмайтынын, діни білімінің таяз екенін, мешіт мінберінде көргенсіз анекдоттар айтып, өзін сайқымазақтай ұстайтынын да мәлімдеген.
"Атыраулық кәсіпкерлер мен меценаттардың арқасында әбден байыды, соның арқасында үйір-үйір жылқысы, жүздеген түйе мен сиыр-қойы бар. Сонымен қатар Эммат Ғұмаров Құранды тәжуид бойынша қате оқиды, діни білімі өте нашар. Ең сорақысы тәнін сататын жеңілтек қыздарға барып, боди массаж жасатып, жыныстық қатынасқа түсетінін дүйім жамағат біледі. Дінімізде тиым салынған темекі, насыбай, анаша да шегеді. Өзі құдды бір имам емес, театрда қызмет жасайтын сайқымазақ секілді үнемі былапыт-көргенсіз анекдоттар айтады. Эммат Ғұмаров 30-жыл бойы елді сорлатып, сәләфизмнің Қазақстанда таралуына мүдделі Нұрсұлтан Назарбаевты үнемі мадақтауын тоқтатқан емес", - делінген хатта.
Журналистің пікірінше...
Журналист Ораз Әлімбек халықтың мұндай шағымдары елеусіз қалмауы керек деп есептейді. Жамағаттың жанайқайы тыңдалып, әділ тексеріс жүргізілуі қажет. Ол бұл мәселеге билік назар аударып, мешіт имамдарының қызметін қатаң бақылауға алуын сұрады. Журналист сондай-ақ, мешіт жамағатының аморальды имамдарға қарсы күрес жолында қолдауға мұқтаж екенін айтты.