Прямая трансляция

Астана

Астана

9°C

«Саған ұнады ма?» - сараптама мамандары Қызылордада зорлық көрген қыздың сөзін бұрмалағысы келген

Қызылордадағы атышулы істің құрбаны 16 жастағы қыз бала психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтті, оған мамандар 2 сағат бойы өте дөрекі түрде сұрақ қойған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Дина Таңсәрінің телеграм арнасына сілтеме жасай отырып. Қыздың ойдан құрастыруға бейімі жоқ екені анықталды.

«Саған ұнады ма?» - сараптама мамандары Қызылордада зорлық көрген қыздың сөзін бұрмалағысы келген
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«Бұрын соңды сараптамада болмағанмын, қалай өтетінін білген жоқпын. Түркістандағы сараптама орталығына жақсы көңіл-күймен кірдім. Ол жерде екі әйел, үш ер кісі болды. Маған «оқиғаны басынан баядай бер» деді. Мен айтып жатқанда бір әйел «тез болшы, жарты сағаттан кейін жұмыс уақыты аяқталады» деді. Сыныптастарым мен олардың туыстарының маған көрсеткен қорлықтарын айтып жатқан кезімде, «саған ұнады ма?» деп сұрақ қойды. Мен «жоқ» деп жауап бердім. Бірақ олар қоймастан «саған ұнады ғой, иә» деп сұрай берді. Менің ойымды өзгертуге тырысқан сияқты. Мені қорқытқанын айтып жатқанымда, олар түсінгісі келмей «о баста ата-анаңа айтпағансың, сенде ондай мүмкіндік болды ғой» деді. Қайта-қайта айта берді. «Қорықтым, ешкімге айта алмадым» дедім. Олар маған «Шу шығарма, жылама» деп те ескерту берді. Далаға шыққан кезде анам менің түрімді көріп шошып кетті. Мен машинаға дейін жете алмайтын халде тұрдым. Сосын анам эксперттердің алдынан шығып «Сендердің балаларың бар ма? Баланы неге осындай күйге түсіресіңдер» деп оларға ренжіді», - дейді оқушы қыз.

Сыныптастары жезөкшелікке салып, құлдықта ұстаған қыздың анасы сараптама орталығынан шаққан баласын көріп, жаны түршіккен. Жәбірленшінің айтуынша, сараптамадан өткенде сол азапты күндерді басынан қайта өткізгендей болған. Қыздың бір жарым ай бойғы психологиялық емі желге ұшқандай. 

«Барлық дерлік мемлекеттік сот-психологиялық сараптама мамандары зорлықтың құрбандарына адамгершілікпен қарауды білмейді. Мамандар зорлық-зомбылық көрген кішкентай балалардың өзімен осылай дөрекі сөйлеседі... Осындай мамандық иелері жаны жаралы адамдармен жұмыс істеп отырғандарын сезініп, өз ісіне кәсіби тұрғыда қарап үйренсе жөн болар еді», - деп жазды Дина Таңсәрі. 

Еске салсақ, Қызылорда облысында 16 жастағы қызды сыныптастары 8 ай бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеп, құлдықта ұстаған. Олар қызды ұрып-соғып, азаптап, бопсалап, қорқытқан. Қыздың тәнін саудалай отырып айына кемінде екі-үш миллион теңге табыс тапқан.