Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Алматыда құрылысшылар 11 жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр

"Әкімдік бізге жалақы бойынша былтыр 74 миллион теңгеден астам қарыз болған. 2020 жылдың қыркүйегінде біраз бөлігін төледі. Бірақ, кейін жалақы берілмегенін дәлелдеген тағы біраз қызметкер қатарымызға қосылды", - деді бас мердігер.

Алматыда құрылысшылар 11 жылдан бері жалақыларын ала алмай жүр
фото: дереккөз

2011 жылы Азиадаға арнап салынған "Сұңқар" шаңғы трамплинінің бұрынғы құрылысшылары Алматы әкімдігі алдында брифинг ұйымдастырды. Кездесуде жұмысшылар 11 жыл өтсе де, әлі күнге дейін жалақы ала алмай жүргендерін айтты, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Алматы әкімдігі ғимараты алдына ондаған адам ақшасын талап ету үшін жиналды. Олардың айтуынша, трамплинді әкімдік тарапынан алдын ала төлем жасалмастан тұрғызған. Жұмысшылар құрылыс аяқталғаннан кейін де ақша төленбегенін мәлімдеді.

"Әкімдік бізге жалақы бойынша былтыр 74 миллион теңгеден астам қарыз болған. 2020 жылдың қыркүйегінде біраз бөлігін төледі. Бірақ, кейін жалақы берілмегенін дәлелдеген тағы біраз қызметкер қатарымызға қосылды", - деді "Сұңқар" трамплині құрылысының бас мердігері - "ТОЛ Құрылыс" компаниясының қызметкері Әбдірзақ Байболатов.

Айта кетейік, 2016 жылы құрылысшылар жалақы бойынша 250 миллион теңге қарыз туралы мәлімдеген еді. Кейін берешектің бір бөлігі өтелді, ал 2020 жылдың тамызына қарай ол 100 миллион теңгеден астам сома болды. Сол кезде қалалық әкімдік өкілдері 3-4 ай ішінде толық төлем жасауға уәде берген. Алайда кейбір жұмысшылар әлі де ақша алмағанын айтты.

Алматы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қызметкерлер тез арада есеп айырысуға тырысады. Бірақ, ол үшін қосымша уақыт пен демеушілер белсенділігі қажет.

"Әкімдік шаңғы трамплиндері халықаралық кешенін салу үшін "ТОЛ Құрылыс" компаниясына ақшаны толық төледі. Алайда компания өз жұмысшыларына төлем жасамаған. Әрі қарай олардың азаматтық-құқықтық қатынасы, олардың арасындағы сот процесіне қарай шешім шығады. Бірақ әкімдік бұл мәселені реттеу мақсатында жұмысшылар мәселесін бей-жай қалдырмады. Тексеру нәтижесінде шынымен жалақы төленбегені анықталды. Қазіргі уақытта компанияның жалақы бойынша берешегі ресми түрде расталған 40-қа жуық қызметкері анықталды. Басқарма әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде демеушілік қаражат іздестіру жолымен төлем жасайды", - деді Алматы қалалық жайлы орта басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, "ТОЛ Құрылыс" компаниясы жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға жатпайды. Алайда банкроттығы да жарияланбаған. Сондықтан қала билігі еңбек инспекциясы бұл ұйымды тексере алмайтынын айтты.

"Еңбек инспекциясының тексеру жүргізуге мүмкіндігі жоқ, өйткені ол үшін прокуратурадан рұқсат алу керек. Бірақ бұл мәселе Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бақылауында. Қыс мезгілінде қалада құрылыс жұмыстары аз жүргізілетіндіктен, басқа құрылыс компаниялары да "ТОЛ Құрылыс" қызметкерлері үшін жалақы бойынша берешекті өтеуге көмек көрсете алмайды. Бірақ, бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенеміз", - деп хабарлады Алматы қалалық еңбек инспекциясының өкілдері.