Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

БҚО-да тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталды

 Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен Казталов ауданының орталығында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталды, деп хабарлайды Paryz.kz.

БҚО-да тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға баспана кілті табысталды
Фото: Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың баспана мәселесін шешу қажеттігін айта келе: «Әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Үй кезегінде тұрған азаматтардың баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттік қолдауды күшейтіп, тұрғын үй құрылысы мен оның қолжетімділігін арттыру қажет. Әсіресе көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар жандарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударып, олардың баспанаға қол жеткізуіне барынша жағдай жасауымыз керек» – деп Үкіметке тапсырма берген болатын. 

Президенттің тапсырмасына сәйкес биылғы жылы Казталов ауданы бойынша 28 елді-мекенде үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға арнап қос пәтерден 116 үйге қаржы бөлініп, салынып, қолданысқа берілуде.
Облыс әкімі баспанаға ие болған азаматтарды құттықтап, тұрғын үй кілтін салтанатты түрде табыс етті. Баспана иелері мемлекеттік бағдарламаның ауданда жүзеге асуына ықпал еткен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.  

— Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл-аймақтарды дамыту бойынша берілген тапсырмасының арқасында баспаналы болып жатырмыз. Осы бағдарламаның жүзеге асырылуына ат салысқан барша азаматтарға және жаңа баспана салып берген мердігерге ризашылығымды білдіремін. Баспана иелерін бүгінгі қуаныштарымен шың жүректен құттықтаймын. Алдағы өтетін референдумда еліміздің ертеңі үшін отбасымызбен өз таңдауымызды жасайтын боламыз. Мемлекетіміздің қолдауының арқасында баспаналы болатын отбасыларымыз көп болсын.,  — деді Казталов ауылының тұрғыны Арайлым Сансызбаева. 

Кәсіби медиатор, еңбек ардагері Марат Тоясов та бағдарламаның игілігі мол екенін жеткізді. 

— Соңғы уақытта ауданымызда тұрғын үйлердің салынуы қуантарлық жәйт. Алдымен халық баспаналы болып қалмақ. Содан соң жаңа үйлер ауылдың ажарын келтіреді. Биыл ауданымызда тұрғын үй кезегіндегі отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 150-ге жуық тұрғын үйлер салынып жатырғаны жөнінде ақпаратты әлеуметтік желілер, газет, теледидар арқылы естіп, біліп отырмыз. Аудан әкімдерінің халықпен кездесу жиындарында көтеріліп жүрген мәселелердің бірі осы – баспана мәселесі. Бұл да өз кезегімен шешімін тауып, халықтың қуанышы еселеніп отыр.  Елімізді және соның ішінде өңірімізде орын алған табиғи апат су тасқыны орын алған болатын. Президентіміздің тікелей тапсырмасымен облысымыздың бірнеше аудандарында және Орал қаласында санаулы күндердің ішінде жаңа баспаналар бой көтергеніне баршамыз куәміз. Осы жұмыстардың бас қасында жүрген Сізге де шынай ризашылығымызды білдіреміз. Президентіміздің бастамасымен 6-шы қазаңда өткізілетін референдумға жерлестерімізбен белсене қатысып, елімізде атом электр станциясының салынуы үшін таңдау жасаймыз. Баспанаға ие болып отырған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, берекелі баспанада бақытты ғұмыр кешіңіздер! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ауылымыз ажарлана берсін!,  — деді ол.

Аудан орталығындағы тұрғын үйді Назарбек Қуанов салса, Қоныс елді мекеніндегі тұрғын үйдің құрылысын Ринат Ғұбайдуллин жүргізді.