Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

БҚО Казталов ауданында 2 нысан пайдалануға берілді

16 қыркүйек күні БҚО-ның Казталов ауданында аудан орталығындағы спорт кешені мен Қайыңды ауылындағы мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салтанатты іс-шараларға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісов, Самат Хасанов, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты, деп хабарлайды Paryz.kz.

БҚО Казталов ауданында 2 нысан пайдалануға берілді
Фото: Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Казталов ауданының орталығына қашық орналасқан Қайыңды ауылында мәдениет үйінің ғимараты пайдалануға берілді.

Мәдениет үйінің жалпы ауданы 3600 шаршы метрді құрайды. Осы уақытқа дейін аудан әкімінің халықпен кездесуінде қайыңдылықтар ауылға жаңа мәдениет үйінің қажет екендігі жөнінде мәселені жиі көтеріп жүрді.  Халықтың талап-тілегі орындалып, заман талабына сай рухани орда есігін айқара ашты. 

Мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатысқан өңір басшысы  Нариман Төреғалиұлы ауыл халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. 

— Облысымызда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Облыс орталығы мен аудандарда білім ордалары мен мәдениет үйлерінің құрылыстары жүргізілуде. Қайыңды ауылындағы мәдениет үйінің жобасын өзге де ауылдар мен елді мекендерде жүзеге асырамыз. Алдағы уақытта Казталов-Қайыңды бағытындағы жол құрылысы мәселесін де қарастыратын боламыз. Мәдениет үйінен елге белгілі өнер майталмандары қанат қағады деген сенімдемін, — деді облыс әкімі. 

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған мәдениет ошағының құрылыс жұмыстарын «Дарен Строй Сервис» ЖШС жүргізді. 150 орындық көрермен залы, ауылдық кітапхана орналасқан ғимаратта 5 адам жұмыспен қастылып отыр. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмай, ішкі және сыртқы бейнебақылау камералары орнатылған. 

Нысанның салтанатты ашылуында сөз алған ауыл тұрғыны, сала ардагері Тоқжан Ораз жергілікті атқарушы органдарға халық атынан алғысын айтты. 

— Бүгін ауылымызда көптен күткен қуаныш. Ақ түйенің қарны жарылып, мәдениет үйі халыққа есігін айқара ашқалы отыр. «Көп тілегі көл» дейді дана халқымыз. Ауылға мәдениет үйінің қажет екені жиі көтеріліп жүрген мәселе еді. Бүгін жаңа мәдениет ошағының ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Президентіміздің әр бастамасын мұқият қарап отырамыз. Соңғы жолдауында атап өткен елімізді дамытудағы бастамаларын толығымен қолдаймыз. Атом электр станциясын салу тәуелсіз мемлекет ретінде дамудың бірден бір жолы деп білеміз. Ауылымызда мәдениет ошағы бой көтеріп жаңа тұрғын үйлер салынуда, алдағы уақытта ауылдың ішкі жолдары да жөнделетін болады. Халықтың үніне құлақ түрген жергілікті атқарушы органдарға ауыл халқы атынан алғысымды білдіремін! Ұлтымыздың рухына қалқан болар мәдениетіміз асқақтай берсін,  — деген ауыл тұрғыны облыс басшылығына Казталов ауылына қатынайтын тіке жолдың салынуына ықпал етуін сұрады. 

Мәдениет ошағының лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, мәдениет саласының ардагері Сансызбай Нәбиев қиды. Жаңа мәдениет ошағына облыс әкімінің атынан 3 кондиционердің сертификаты табысталды. 

Казталов ауданындағы спорт кешенінің құрылысы аудан әкімінің халықпен кездесуінде жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі болды. Құрылыс жұмыстары аяқталған спорт кешені салтанатты түрде ашылды. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат депутаттары Тұрарбек Тілемісұлы, Самат Хамзаұлы, КПО б.в. компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев қатысты. 

Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы аудан халқын жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтады. 

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық жерлерде спортты дамыту мәселесіне тоқтала отырып: «Ауылдық жерлерде спортты дамыту – жастардың денсаулығы мен тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды бағыт. Спорт кешендері мен алаңдарын салып, ауыл жастарын спортқа баулу арқылы біз салауатты ұрпақ тәрбиелейміз. Әрбір ауылда спортпен айналысуға барлық жағдай жасалуы тиіс. Ауыл спортын дамыту – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің кепілі» – деп атап өткен болатын. Спорт кешенінің құрылысы ұзақ уақыт тұралап қалғаны белгілі. Мен сіздерге спорт кешенін 2024 жылы пайдалануға берілетіні жөнінде уәде берген болатынмын.  Бүгін спорт саласының дамуына сеп болар, ауданның әлеуетін арттыруға маңызы зор нысанды пайдалануға беріп отырмыз. Биыл облысымызда су тасқыны орын алып, аудан азаматтары Орал қаласы мен өзге де аудандарда су тасқынының алдын алу жұмыстарына белсене атсалысып, азаматтық қолдау көрсетті. Сіздердің азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіремін!,  — деген өңір басшысы спорт кешеніне жаңа автокөліктің  сертификатын  табыс етті. 

Спорт кешенінің құрылысын КПО б.в. компаниясы тапсырысымен «AGA Building» ЖШС жүргізді. Кешенде волейбол,  футзал, баскетбол ойындарына арналған зал және бокс, дзюдо, күрес,жаттығу залдары бар. Аталған нысанда ауыл балаларына түрлі спорттық секциялар  жұмыс жасайды. Сонымен қатар ауыл тұрғындары да бос уақытында спортпен шұғылдануға мүмкіндік қарастырылатын болады. 

— Бүгін аудан орталығындағы сәулеті келіскен жаңа ғимарат, спорт кешені пайдалануға беріліп отыр. Бұл халықтың көптен күткен қуанышы. Осы кешеннің салынуына қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне және  Қарашығанақ петролеум оперейтинг компаниясына, мердігерге аудан халқының атынан шынайы ризашылығымызды білдіремін. Президентіміздің бастамаларын толығымен қолдаймыз, алдағы референдумда белсене қатысуға өз таңдауларыңызды жасауға шақырамын. Мемлекет тарапынан спорт саласын, соның ішінде бұқаралық спортты дамытуға көптеп көңіл бөлініп келеді. Кәсіби спорт түрінен де ел намысын қорғап, абыройымызды асқақтатып жүрген жерлестеріміз бар. Бүгінде балаларымыз жаңа спорт кешенінде жаттығып, түрлі спорт секцияларына қатысып жерлесіміз Данияр Елеусіновтың ізін жалғайтын мықты спортшылар шығатынына сенімдімін. «Спорт – денсаулық кепілі» дейді дана халқымыз. Ауданымызда спорт саласының дамуына қолдау көрсетіліп, сала қарқынды дамып келеді. Жаңа спорт кешені спортшыларымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деген сенімдемін! Қуаныш құтты болсын, ағайын!,  - деп спорт саласының ардагері Әділбек Алғазиев. 

Спорт кешенінің ашылу салтанатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев, КПО б.в. компаниясының бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, еңбек ардагері Уалиолла Абешов, ардагер спортшы Айдын Елемесов нысанның лентасын қиды.