Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Таразда такси жүргізушілері наразылыққа шықты (ВИДЕО)

Шуылдасқандарды сабырға шақыруға әкімдік өкілдері де жедел жетті. Бірақ олар мәселені шешуге асықпады. Көлік саласына жауаптылар да жиналғандарға мардымды жауап айтпады.

Таразда такси жүргізушілері наразылыққа шықты (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Таразда такси жүргізушілері шу шығарды. Автобекет маңынан қалааралық бағытта қатынайтын жүзге жуық көліктің жүргізушісі жергілікті билік өкілдерінің шектеулерінен шаршаған, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.

Айтуларынша, бекет басшылығы тарапынан да кедергі келтірушілер көбейген. Шыдамы шегіне жеткен бұқара БАҚ өкілдерінің басын қосты. Қалың бұқара таң сәріден талаптарын тыңдатпақ болып, өз наразылықтарын ашық жеткізді. Айқайға басқандардың айтуынша, автобекет маңына таксилердің тоқтауына тыйым салыныпты. Тырп етсең, айыппұл арқалатады деп ашынады. Әр қайсысының басына 20-30 мың теңге көлеміндегі айыппұл хаттамалары жиналып қалған.  

"ГАИ-де келеді. Транспортный да келеді. Мына отырған автовокзалдың бастығы біздің сыртымыздан арыз жазып, бізге жұмыс істетпей отыр", - деп ашынды жүргізушілер.

"Бәрі келіп қуалап жатыр. Бұл жерге тұрмаңыздар дейді. Қай жаққа тұрамыз? Онда бізге автовокзалдан орын беріңіздер, осы жерде тұрып жұмыс істейік", - дейді олар.

Айтуларынша, қалааралық бағытта қатынайтын таксилерді билік өкілдері 5 жылдан бері титықтатып келеді. Бүгінгі күнге дейін бірнеше жерге қуып, мезі еткен көрінеді. Тұрақ таппадық деген такси жүргізушілерінің жалпы саны - 250. Енді олар атқарушы биліктен арнайы рұқсат қағазын талап етіп отыр. Бірақ бәрі ауыз жаласып алған, сондықтан бізге құжат бермейді дейді.

"Міне, бәрі сыбайлас. Тиындарын беріп қойған, болды. Міне, әр спринтерден 5 мыңнан алады", - дейді такси жүргізушісі Нұрманбет Сапарбек.  

Шуылдасқандарды сабырға шақыруға әкімдік өкілдері де жедел жетті. Бірақ олар мәселені шешуге асықпады. Көлік саласына жауаптылар да жиналғандарға мардымды жауап айтпады.

"Оны біз құзырлы органдармен кеңестік. Осы кісілердің жазып берген ұсыныстары бар, соны талқылап, жауабын береміз", - деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Мұқашев.

Автобекет қожайыны болса, бұл жүргізушілердің құжаттары дұрыс емес деп отыр. Көбісі көрші қырғыз бен армян елдерінен әкелінген көліктер болғандықтан, бекет әкімшілігінің талабына сай емес екенін алға тартты.

"4 жыл бұрын 20-30 көлік тек кешкісін ғана келіп жұмыс істейтін. Қазір сырттан келген көліктер бар, олар да жұмыс сұрап келеді. Егер барлық құжаттары заңды болса, кешкі 6-дан кейін жүрсін. Бәрі заң аясында болады", - деді "Тараз" автобекетінің директоры Марат Аймағанбетов.

Даудың бүгін-ертең бітпейтініні анық. Өйткені 5 жыл бойы шешілмеген. Шешуге құлықты шенді де табылмаған сыңайлы. Соған қарағанда әлі де жүргізушілердің әлекке түсетін түрі бар.