Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Түріңді тыржитып, теріс қарап тұра бер»: депутат қырғыз көкпаршыларының әрекетін сынады

Мәжіліс депутаты, Қазақстандағы көкпар федерациясының құрметті президенті Айдарбек Ходжаназаров әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ-қырғыз көкпаршыларының текетіресі туралы ойын айтты, деп хабарлайды paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

«Түріңді тыржитып, теріс қарап тұра бер»: депутат қырғыз көкпаршыларының әрекетін сынады
фото: әлеуметтік желіден

Мәжіліс депутаты чемпион атанған Қазақстан құрамасы кешегі көкпарда таза жеңіске жетті дейді. «Кейде аттың үстіндегі адамның эмоциясы доп қуған не боз кілемде алысып-жұлысқан спортшыдан басым түсіп жатады» деген ол кез келген спорт түрінде ереже бұзылып, спортшылар сөзге келіп жататынын айтып отыр. Ал, қырғыз спортшысына қамшы сілтеген қазақ көкпаршысы туралы айта келе депутат «көкпарда қамшысын сілтеп жіберсе, аса бір арызданатын жағдай емес» дейді.

«Жаппай көкпарда одан да қорқынышты кадрларды көріп жүрміз. Рас, кеше ойында тәртіп бұзылды, төрешілер кеңесе келе тәртіп бұзған ойыншыға ескерту берді. 2 минутқа шетке шығарды. Бас жарылса - бөрік ішінде, қол сынса - жең ішінде дегендей, алаңдағы ала шаң сол жерде қалуы керек. Бұл әуелден көкпардың жазылмаған ережесі», - дейді ол.

Екіншіден, депутат атап өткендей, төрешінің айтқаны заң. Қандай спорт түрі болса да, спортшы төрешімен салғыласпайды.

«Шамдануы мүмкін, келіспей сұрау салуы мүмкін, бірақ тулап, әдептен аттамайды. Әдемі ойын көрсетейік деген жерде, төрешіні тыңдау парыз. Әлемдік деңгейдегі кез-келген спортта төрешіге бағынбау, құрметсіздік көрсету деген атымен жоқ», - дейді ол.

Ал, жеңілгеннен кейін марапаттау рәсімінде Қазақстан әнұранын тыңдамай, бұрылып кеткен қырғыз спортшыларының әрекеті ешбір құрметке жатпайды дейді депутат.

«Үшіншіден, саған құрмет көрсеткен жерде оған жауап ретінде ілтипат білдірсе қандай жарасымды. Іштегі отың күйдіріп сөнбей жатса, мойныңдағы медальді алып тастай бер. Түріңді тыржитып, теріс қарап тұрсаң да қабылданады. Бірақ қонақ қылып шақырып жағдайыңды жасаған, ағайын деп ардақтаған, жүлдесін қолыңа ұстатып арқаңнан қаққан мемлекеттің әнұраны ойнағанда бір сәтке сабыр етіп, елдік мүддені жоғары қою - әр спортшыға қажет қасиеттің бірі», - деп жазды Ходжаназаров.

Оның айтуынша, қырғыз көкпаршылары тәуір дайындалып, аттарын жақсы баптаған. Бірақ қазақтың көкпаршылары анық басым түсті дейді ол.

«Қырғыздар ойын алаңында 10 салым саламыз десе, біреу оған кедергі жасады ма?! Керек десе екі жақ тең түсіп, қосымша уақыт та берілді. Қосымша уақыт берілмей, “Қазақстан басым түсті” десе, ортаға қамшыны ең бірінші мына мен тастар едім. Құдайшылығын айтайық, Қазақстанның Ұлттық құрамасы таза жеңді! Алысты, жұлысты, бірақ ұтты! Жалпы дала ерлері үшін жеңілгенін мойындау да ерлік! Басқа артық сөз жоқ! Екі мемлекеттің татулығы мен достығы - кез-келген ойынның нәтижесінен қадірлі. Бүгін қазақ жеңсе, ертең қырғыз ұтады. Ымыра мен ынтымақты ойласақ, әлі талай көкпар тартамыз. Қайта қазақ & қырғыз секілді мықты қарсылас шықпаса, көкпарда сән болар ма еді? Осыншама жанкүйер жиналып, қиқулап тік тұрып тамашалар ма еді?! Ашығын айтқанда бізден басқа кімге керек бұл ойын?! Серкені ілеміз деп жүріп сыйымызды кетіріп алмайық. Қандай ғасыр, қандай заман келсе де, қазақ пен қырғызға тек бауырмалдық жарасса керек», - дейді депутат.