Басым бөлігі қалада тұрса, 30 мыңға жуық жас ауылдық жерлерде екі қолға бір күрек таппаған күйі тұрып жатыр.
Елімізде жұмыссыздық мәселесі өршіп тұр. Оқу орнын бітірген жас та, жоғары білім алмаған жас та сәт сайын бұл проблемамен бетпе-бет келуде. 2020 жылдың төртінші тоқсанында 15-28 жас аралығындағы 76 мыңнан астам жастың жұмыссыз жүргені анықталған, деп жазды paryz.kz, kursiv.kz-ке сілтеме жасап.
Әрине, бұл - аса күрделі мәселе. Еңбек нарығы кәсіби мамандарға мұқтаж болып отыр. Ал қаншама жас бос сенделіп жүр. Бұл өз кезегінде нарықтағы бос орындардың толмауына, соның әсерінен еңбек өнімділігінің төмендеуіне, әрі қарай экономикалық ахуалдың нашарлауына және төлем қабілеттілігінің азаюына әкеліп соғары сөзсіз.
Finprom.kz мәліметі бойынша, қазір Қазақстандағы әрбір төртінші жас жарты жылдан астам уақыт бойы жұмыс таппай жүр. Жастар елдегі бүкіл жұмыссыз азаматтардың 17 пайызын құрайды екен. Жоғарыда айтқан 76 мың жұмыссыздың 32,5 мыңы ерлер болса, 44,1 мыңы - әйелдер. Басым бөлігі қалада тұрса, 30 мыңға жуық жас ауылдық жерлерде "екі қолға бір күрек таппаған" күйі тұрып жатыр. Жағымсыз статистика бойынша Алматы қаласы (14,5 мың адам), Алматы облысы (9,7 мың адам), Түркістан облысы (6,7 мың адам) көш басында келеді.
GorodRabot сарапшыларының зерттеуінше, шамамен 4 жылдан соң Қазақстанда несие менеджері, бухгалтер, корректор, кітапханашы, турагент, нотариус, жүйелік админ мамандары нарыққа қажетсіз боп қалуы ықтимал. Сарапшылар жұмыссыздық проблемасы, әсіресе, әйелдер үшін қиын тиеді деп есептейді.
"Көптеген процестер автоманттандырылады. Тек аз ақы төленетін физикалық еңбек қана алады. Оны автоматтандыру аса тиімді емес. Ал әйелдер ондай міндеттемені орындай алмайды. Сондай-ақ аналитикалық дағдыларды немесе дамыған коммуникативтік дағдыларды қажет ететін жоғары білікті жұмыс орындары болады. Қазірдің өзінде бұл дағдыларды көбіне ер адамдар пайдаланады. Көптеген әйелдер әдеттегі жұмыстарды таңдайды" деп жазды сервис.
Ақпан айында елдегі орташа жалақы 198 200 теңге болған. 2021 жылы жұмыс берушілердің 56 пайызы 60 мың теңге төлеуге дайын. 31 пайызы 100 мың теңге, 8 пайызы 200 мың теңге көлемінде жалақы төлеуге дайын екенін хабарлаған. Тек 0,2 пайыз жұмыс беруші ғана жалақысы 500 мың теңге болатын жұмыстар ұсынған.
Қазіргі кезде жұмысшы персоналы, транспорт, логистика, сауда саласы бойынша вакансиялар өте көп. Өндіріс, медицина, фармацевтика саласы да мамандарға мұқтаж болып отыр.