Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Шамадан тыс лайланған: Құлсарыдағы су тазарту құрылғылары жаңартыла ма?

Құлсарыдағы су тазарту құрылғыларын жаңғырту мәселесі қозғалды, деп хабарлайды Paryz.kz, kazinform.kz-ке сілтеме жасап. 

Шамадан тыс лайланған: Құлсарыдағы су тазарту құрылғылары жаңартыла ма?
stan.kz

Жылыой ауданының Құлсары қаласына ауыз су «Астрахань-Маңғышлақ» магистральдық су құбырымен жеткізіледі. Содан кейін «Магистральдық су құбыры» ЖШС стансасында тазарту жүргізіледі. Ал, тұрғындарға таза су «Жылыойсу» КМК арқылы беріледі.

«Магистральдық су құбыры» ЖШС директорының міндетін атқарушы Еркін Таңқыбаевтың айтуынша, көктемде су сапасы өзгерген. Оған Қиғаш өзенінің тасып, «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырымен жеткізілетін судың шамадан тыс лайланғаны себеп болған. Сондай-ақ су құбырының бойында жаңа учаскенің пайдалануға берілуі әсер еткен.

«Қазір біздің мекемеде 7 резервуар бар. Оның 5-еуі жұмыс істеп тұр. Біреуі жөндеуге қойылды. Жаңадан бір резервуар салынып жатыр. Су бірнеше рет тазартылып, кейін хлор қосылады. Қиғаш өзеніндегі қоршау орнында тазарту жүргізіліп, су сапасы жақсарып келеді. Күн сайын су құбырынан сынама алып, сапасын бақылап отырмыз», - дейді Еркін Таңқыбаев.

Ал, «Жылыойсу» КМК директорының міндетін атқарушы Батыр Кейкіннің айтуына қарағанда, су сақталатын резервуарлар тазартылып, дезинфекцияланады. Сондай-ақ Құлсары қаласындағы сумен жабдықтау желілерін жуу жұмыстары жүргізілген.

Алайда, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, Құлсарыдағы қабатты үйлерді сумен жабдықтау жүйесін тазарту қажет. 

«Көктемде Қиғаш өзенінің деңгейі көтерілген жоқ. Демек, мәселе жұмыстың жүйесіздігінде болып тұр. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтуды мамырда міндеттеген едім. Ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Бұл – салғырттықты кешірмейтін мәселе. Ауыз судың сапасы тұрғындардың денсаулығына әсер етеді. Енді қысқа мерзімде заманауи технологияларды пайдаланып, су тазарту құрылғыларын қайта құру жобасын әзірлеуді тапсырамын», - деді Серік Шәпкенов.