Прямая трансляция

Астана

Астана

-5.03°C

Отбасындағы 8-ші бала: Толғағы қысқан әйелді полицейлер перзентханаға жедел жеткізді

Қостанайлық полицейлер жолда толғағы қысқан әйелді перзентханаға жедел жеткізуге көмектесті, деп хабарлайды Paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Отбасындағы 8-ші бала: Толғағы қысқан әйелді полицейлер перзентханаға жедел жеткізді
Сурет: Polisia.kz

Патрульдік полиция ротасының инспекторлары Еркін Төлегенов пен Ержан Албатыров босанайын деп жатқан әйелді ауруханаға жылдам әрі кедергісіз жетуін қамтамасыз етті. Полицейлер қызметтік көліктің жарқыраған шамдарын қосып, толғағы қысқан әйел отырған көлікті перзентханаға дейін алып барды.

– Мен, серіктесім екеуміз экипаж құрамында қызмет атқардық.  Қостанайға кіре берістегі А-22 автожолының шамамен 10 шақырымында бізге ВАЗ-2115 автокөлігінің жүргізушісі келіп, көлікте жұбайының толғағы қысып жатқанын хабарлады. Көп ойланбай, біз жарқырайтын шамдарды қосып, олардың кедергісіз жүруін қамтамасыз еттік, – деді Еркін Төлегенов. 6 минуттан кейін, ауруханаға аман-есен жеткізілген әйел дүниеге қыз алып келді. Полицейлерге бұл қуанышты жаңалықты әкесі хабарлады. 

 Белгілі болғандай, ата-аналар Рудныйда тұрады. Дүниеге келген қыз – олардың отбасындағы 8-ші бала.

– Егер полицейлер болмағанда, салдарын елестетудің өзі қиын. Айта кетейін, менің толғағым қысып, күйеуім екеуміз Қостанай перзентханасына жолға шықтық. Жол бойында біз полиция қызметкерлерін кездестірдік. Күйеуім оларға жақындап, перзентханаға тезірек жетуге көмектесулерін сұрады. Полицейлер өтінішімізді жерге тастамады. Қазір сәби екеуміз ауруханада жатырмыз, бәрі жақсы. Жоғарыда аталған қызметкерлерге тағы да шын жүректен алғыс айтамын! Жаратушы иеміз сіздерді және сіздердің отбасыларыңызды жамандықтан сақтасын! Егер сіздер болмағанда жағдайдың қалай аяқталатыны белгісіз еді, – деп жазба қалдырған әйел өз алғысын білдірді. Қазіргі таңда, көп балалы ана нәрестесімен өз үйінде.