ҚР Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің экс-басшысы генерал-майор Қайрат Көпбаев Adal Adam Youtube арнасына берген сұхбатында жастарды көшеден күшпен ұстап әкету – бас бостандығынан айырумен бірдей екенін айтты.
«Бұл – анахронизм. Мен түбегейлі қарсымын. Тыңдайтын құлақ болса, өзімнің ақылымды айтар едім. Көшеде ұстап, шақыру пунктіне апарып, шашын алып, дәрігерлік комиссиядан өткізіп, әскерге жіберу – мүлде дұрыс емес. Біз басқа механизм қолдануымыз керек. Ал заң жағына келгенде, бұл заңбұзушылық. Яғни, заңсыз бас бостандығынан айырумен бірдей. Егер үйіне бара жатқан адамды ұстап, өз еркінсіз әскерге жіберетін болса, онда заңмен бекітіп алу керек. Осы тәсіл құп көрсе, заңдастыру керек. Кезінде әскерден жүйелі түрде қашатындарды әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартатын. Мүмкін, осы норманы жаңарту керек шығар», - деді бұрынғы генерал-майор.
Қайрат Көпбаевтың айтуынша, әскери-патриоттық тәрбиені мектеп жасынан сапалы жүргізу керек және жастар әскерге өз еркімен баратындай кешенді жұмыстар жасалуы керек.
«Патриоттық сезімді әскердің алдында немесе бір жұмада бойына ұялата алмайсыз. Мектеп қабырғасында жүргенде қалыптасу керек. Сол мезетте тәрбиелеп, жүрегімен сезіну керек. Біздің уақытымызда миымызға құятын, «әскерге бару – сенің міндетің» дейтін. Әскери борыш – Конституцияда бекітілген, міндет, парыз. Ол құқық емес. Осы орайда, азаматтарды әскерге тартуға басқа тәсілдерді қолдану керек. Ал, енді көшеде полицейлермен қолын бұрап, алып кету мүлде дұрыс емес. Жастардың бойына өз еркімен борышын өтейтіндей әскери-патриоттық сезімін оятуға тиіспіз, оларды кінәлай берудің қажеті жоқ. Қинап әскерге жіберу тиімсіз тәсіл», – деді Қайрат Көпбаев.