01.03.2021, 22:15

Ақтауда құрылысы аяқталмаған ғимарат "қоғамдық дәретханаға" айналған

фото: дереккөз

Ал қала әкімдігі бұл ғимарат жеке меншік болғандықтан, өз тараптарынан ештеңе істей алмайтындарын алға тартып отыр.

Ақтау қаласының 15-шағынаудан тұрғындары құрылысы аяқталмаған ғимараттың жасөспірімдердің ойын алаңына, қоғамдық дәретханаға айналғанына шағымданып, қалалық әкімдікке жүгінді. Дегенмен, қала әкімдігі әзірге бұл жағдайға ықпал ете алмайтынын жеткізген, деп хабарлады paryz.kz, lada.kz-ке сілтеме жасап.

"Ғимарат құрылысының қараусыз қалғаны түсініксіз. Әйнектері сынған. Жылы уақытта бұл жерге балалар келіп ойнайды. Бұл жер қауіпті емес пе? Айналасында арматуралар шығып тұр. Сондай-ақ, бұл жерге ерінбегеннің бәрі келіп әжетін өтейді, тіпті, автобус жүргізушілері де", - дейді тұрғындардың бірі.

Ал қала әкімдігі бұл ғимарат жеке меншік болғандықтан, өз тараптарынан ештеңе істей алмайтындарын алға тартып отыр.

"Жер мен ғимарат "Батша-Қуан" ЖШС-іне тиесілі. Мұнда аз қабатты тұрғын үйлер - таунхаустар салынуы керек еді. Біз құрылыстың не себепті тоқтатылғанын білмейміз. Бір білетініміз, бұл ғимаратты сот органдары тәркілеген. Сондықтан қазір әкімдік араласа алмайды", - делінген әкімдік жауабында.

Ал аталған "Батша-Қуан" ЖШС басшысының шамамен 1,5 миллиард теңге болатын мұнай өнімдері ұрланған қылмыстық іске қатысы бары айтылады.