Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Алматы әкімдігінің қызметкері адам өлтірген (ВИДЕО)

Оқиға биыл 22 ақпанда болған. Қаладағы үйлердің бірінің ауласында Кенже Байниязов есімді азамат жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қайтыс болған.

Алматы әкімдігінің қызметкері адам өлтірген (ВИДЕО)
фото: stan.kz

Күйеуін әкімдік қызметкері өлтіргенін айтқан Алматы қаласының тұрғыны Ажар Әбдрешева әлеуметтік желіде видеоүндеу жасады. Ол әкім Бақытжан Сағынтаевтан жағдайды бақылауға алуды сұраған, деп хабарлады paryz.kz.

Оқиға биыл 22 ақпанда болған. Қаладағы үйлердің бірінің ауласында Кенже Байниязов есімді азамат жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында қайтыс болған. Ажар Әбдрешева күйеуін өлтірген күдікті қала әкімдігінің бас есепшісін тасымалдаған көлік жүргізушісі екенін жеткізді.

"Қазіргі уақытта менің қолымдағы деректер бойынша, күдікті оқиғадан бұрын жұмыстан шығып кеткен деген жалған құжат жасалған. Ол 2021 жылы 18 ақпанда жұмыстан шығарылған дегенге сенбеймін. Ал адам өлген күні ол оқиға орнына қызметтік көлікпен келген. Бұған дәлел бар. Демек 22 ақпан күні күдікті әкімдікте жұмыс істеп жүрген. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтан қызметтік тексеру жүргізуді сұраймын. Күдікті психикалық ауруға ұшыраған деген анықтама алып алған, сол себепті жауапкершіліктен қашып кете ме деп алаңдаулымыз", - дейді қала тұрғыны.

Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалған. Осы жағдайға байланысты Бақытжан Сағынтаев Facebook-тегі парақшасында бұл істі жеке бақылауына алғанын жазды. Қалалық Полиция департаментінің басшысы бұл оқиғаға қатысты арнайы брифинг өткізетін болады. 

"Алматылық Ажар Әбдірешеваның өтінішімен оның жұбайын өлтіру дерегі бойынша істі жеке бақылауыма алдым. Күдікті қамауға алынды. Қалалық Полиция департаментінің басшысы Қ. Таймерденовке тергеудің жан-жақтылығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырдым. Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын", - делінген жазбада.

Сонымен қатар "Алматы қаласы шаруашылық басқармасы" ЖШС-нің директоры Қуанышбек Баяманов күдіктінің сол компанияда жүргізуші болып жұмыс істейтінін жасырмады.

"Ажар Әбдірешеваның жұбайын өлтіргені туралы арыз-шағымы бойынша күдіктінің "Алматы қаласының шаруашылық басқармасы" ЖШС-інде жүргізуші болып жұмыс істейтінін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта ол штатта тіркелген. Жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттеріне байланысты, жұмыста жоқ", - делінген оның жауабында.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдіктінің қаладағы ауруханалардың бірінде ем алып жатқаны белгілі болды. Оны полиция күзетуде. Оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған.