Прямая трансляция

Астана

Астана

-4.03°C

Ислам діні мен ғылым бір-біріне қарама-қайшы ұғым ба?

Ислам діні тарихта пайда болғанан бастап білімге ерекше мән бергенін көруге болады. Олай деуге бірден-бір себеп Құран Кәрімнің бірінші түскен аятының өзі «Оқы, Жаратқан Раббыңның атымен оқы!»  деп бұйыру арқылы басталғаны бәрімізге белгілі. Осы аятқа қарап ислам діні білім алуға, ғылым іздеуге қаншалықты мән бергенін байқау қиын емес, – деп жазады Paryz.kz.

Ислам діні мен ғылым бір-біріне қарама-қайшы ұғым ба?
Фото: Paryz.kz

Ғылымның мақсаты өзін, қоршаған ортаны тану арқылы жаратқанды табу. Ақиқатқа жету жолында ғылым маңызды құрал екені белгілі. Ал осы ғылым жолында оқу-сызудың маңызы ерекше. 

Мұсылман әлемінде ғылым – ерекше құрметке ие құндылық. Ертедегі ислам мемлекеттерінде патшалар танымал дін қайраткерлерін қамқорлығына алды, қабілетті ғалымдардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер жасап берді. Ерте кезден-ақ ислам әлемінің барлық қалаларындағы мешіттер мен медреселерде біртіндеп кітапханалар салына бастады. Бұл іс ислам әлемінің білім алуға қаншалықты деңгейде көңіл аударғанын аңғартса керек. Мұсылман елдерінің саяси-қоғамдық өмірінде философтар мен ойшылдар маңызды рөл ойнағанын тарихтан білеміз. Мұсылман ойшылдары қоғамдық пікірге ықпал етті және көптеген мемлекеттік маңызы бар шешімдердің қабылдануына түрткі болды. Әбул Әсуад әд-Дуали былай деген еді: «Патшалар адамдарды басқарады, ал патшаларды ғалымдар басқарады». Бұл сөз билеушілердің білім иелеріне жүгінгенін аңғартады. Ғұламалар тұшымды ойлары мен нәрлі сөздері арқылы қарапайым халыққа да ақылшы болып отырды. Ислам әлемінде орта ғасырларда болған ғылым жетістіктері қоғамның білім деңгейіне де әсер етті.

Ойшыл-философ әл-Кинди, математик әл-Хорезми, дәрігер, ақын Ибн Сина, математик, астроном әл-Баттани, екінші ұстаз әл-Фараби т.б. даналар мұсылман әлемінен өсіп өнген.

Орта ғасырдағы ислам дінінің ғылым мен философияға оң әсерін әлемге танылғандығын бүкіл әлем ғалымдары мойындап қана қоймай, дәлелдеп те берді. Осындай үлкен топтың арасынан ерекше орын алатын ғалымдардың бірі – қазіргі Түркістан облысының Отырар қаласында дүниеге келген Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Тархан әл-Фараби. Ол көптеген ғылымдарға үлес қосып, 128-дей еңбек жазды. Әл-Фараби ғұмыр кешкен заман Шығыс елінің оянуға бет алған өзгерістер мен өрлеу дәуірі болатын. Бұл кез арабтың әдеби тілі биік дәрежеге ие болып, мұсылман елдеріне кең қанат жая дамыған кезі еді. Көптеген халықтардан шыққан ұлы ғұламалар, данышпан ақын-жазушылар өз еңбектерін араб тілінде жазып қалдырды. Сөйтіп араб мәдениетін өркендетуге мұсылман дініндегі халықтар түгел қатысып, ұлы мәдениет жасады. Ғылым, өнер, математика, философия, медицина, астрономия, физика, химия өркендеді. Араб тілінде дамыған мәдениет үлгілері кешеуілдеген Еуропа мәдениетінің қарыштап өркендеуіне үлкен ықпал жасады. Фарабиге жалғаса, жаңа ғылымдардың шығуымен ғылым мен әдебиет тағы да өрледі. Әбу Али Сина (Авицена), әл-Бируни, Фирдауси, Низами, Омар Хаям, Насриддин Гуси, Исмайл Джаухари, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, т.б. түркі тектес елдерден шыққан дана адамдар дүниеге келді. Осылайша білім-ғылым, өнер ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, жалғасып, дамылсыз даму үстінде болды. ХІІ ғасырға дейінгі Шығыс өркениеті басқа елдерге үлгі-өнеге берерлік биік сатыға жетті.

Әл-Фараби 870 жылы дүниеге келген. Алғашқы дәрісті туған жерінде алады. Сол кездегі араб мәдениетінің орталығына айналған Бағдат қаласында көп жылдар бойы жатпай-тұрмай оқып, зерттеу жұмысын жүргізген. Ол ежелгі грек ғұламаларының, әсіресе Платонның жазған еңбектерін терең түсініп оқыған. Кейінірек Сирияда біраз жұмыс істеген. 950 жылы Дамаск қаласында қайтыс болған. Әл-Фарабидің жазған еңбектерінің ішінде философия мен логика терең зерттелген. Сондықтан Шығыс ойшылдары оны көзі тірісінде-ақ «әл-Муғалиму әс-Сани», яғни «екінші ұстаз» деп атап кеткен. Ол таза философиялық, логикалық еңбектермен қатар физикалық, матеметикалық және натурфилософиялық, музыкаға да қатысты еңбектер жазып қалдырған.

Тұлғаның рухани дүниесін ашу арқылы ахлақ тәрбиесіне мән беру, бүгінгі заманның талабы. Ал тәрбие – болашаққа бағытталған үрдіс. Ендеше тәрбие беруде тек бүгінгі күн міндеттерін ғана емес, алдағы мақсаттарды да ескерген абзал. Ғылым мен тәрбиені қатар қарастырып, еліміздің ынтымақ бірлігіне, түрлі алауыздық пен арам пиғылдарға жол бермей, адамдық қалыбымыздан айнымау – борышымыз.