18-27 жас аралығындағы жігіттерді әскерге шақыру 1 наурызда басталмақ

"Ақша беру жолымен көмек көрсетуге уәде берген адамдардың көмегімен әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату мәселелерін шешуге тырыспаңыз..."

18-27 жас аралығындағы жігіттерді әскерге шақыру 1 наурызда басталмақ
фото: Ult.kz

18-27 жас аралығындағы мерзімді қызметтегі 13,5 мыңнан астам әскери қызметші көктемгі шақыру кезінде еліміздің Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатарын толықтырады, деп хабарлады paryz.kz.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы, полковник Сәкен Жүсіпов мәлімдеді.

Айта кетсек, биыл 5 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шақыру науқанының басталуы туралы Жарлыққа қол қойды. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыруды 1 шілдеде аяқтауды жоспарлап отыр.

Сәкен Жүсіпов коронавирус инфекциясының таралу қаупіне байланысты, қорғаныс ведомствосы қабылдап жатқан алдын алу шаралары туралы хабардар етті. Сондай-ақ ол әскерге шақырылушылардан екі рет, яғни, әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдерге келген кезде құрама пункттерде ПТР-талдама алынатынын айтты. Жаңа шақырылушыларға екпе жүргізу қызмет өткеру орындарында ұйымдастырылады.

Қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлағандай, биыл шақырылуға жататын азаматтарды хабардар етудің жаңа тәсілі қолданылатын болады. Пандемия жағдайында қарым-қатынасты азайту үшін Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 сервис қызметі пилоттық режимде SMS-хабарламалар жібереді.

Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаментінің бастығы әскери қызмет – әрбір жастың конституциялық міндеті екенін, ал оны өтуден жалтару қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті көздейтінін еске салды.

"Ақша беру жолымен көмек көрсетуге уәде берген адамдардың көмегімен әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе босату мәселелерін шешуге тырыспаңыз. Бұл - халықтың бейхабар екенін пайдаланып, онсыз да әскерге шақыруы кейінге қалдыруды қажет ететін істі қолға алатын алаяқтар", – деді қорғаныс ведомствосының өкілі.

Бопсалауда, не туындаған мәселелерді шешу ұзаққа созылған жағдайда полковник Сәкен Жүсіпов "Қарулы Күштер – адалдық алаңы" жобалық офистеріне жүгінуді ұсынды. Әскерге шақыруға байланысты, барлық рәсімдер кеңес бере отырып, барынша ашық форматта ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Ол үшін жергілікті әскери басқару органдарында электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар құрылды.